Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында екі автокөлік соқтығысып, 6 адам қаза тапты. Олардың төртеуі - кәмелетке толмаған. Жол-көлік оқиғасы "Алматы – Көкпек – Көктал" тас жолында болған. 28 жастағы Mercedes жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Subaru көлігімен соқтығысқан. Көлік жол жиегіндегі ағашқа соғылып барып тоқтады. Түрлі дене жарақатын алған тағы 4 жолаушы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр.
Диана СҮЛЕЙМАНОВА, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ КӨПСАЛАЛЫ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ауруханаға 4 адам түсті. Солардың бірі - 1992 жылғы әйел адам. Оның екі аяғы, жамбас сүйектері сынған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Қалған үшеуі балалар. 2 жастағы қыз балаға ота жасалып, көк бауырын алып тастады. Туғанына 43 күн ғана болған нәрестенің де жағдайы ауыр.
Куәгерлердің айтуынша, апатқа жолға жүгіріп шыққан ит себеп болған. Оқиғаның мән-жайын полиция анықтамақ. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Мейрам ӘБІКЕЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Автокөлікте 3 ересек, 7 бала болған. Оның біреуі жаңа туған нәресте. Қылмыстық Кодекстің 345 бабының 4-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Техникалық және сот-медициналық сараптама тағайындалды.
М. Жақан