Павлодарда №52 арнайы балабақшаның тәрбиешісі бүлдіршіндерді шымшып, жұлқылап, жарақаттаған. Бұл -ақыл-есі кем балаларға арналған мекеме. Қазір 81 бала тәрбиеленіп жатыр. Ата-аналарының айтуынша, балалардың денесінде көгерген және тырнақ іздері қалыпты. Осыдан күдіктенген олар бейнебақылау камерасын қараған. Кадрда тәрбиешінің балаларды жұлқылап, кеудесінен итеріп, шымшығаны анық көрінеді. Сол себепті ата-аналар мекеме басшысы мен тәрбиеші жұмыстан кетсін деген талап қойды.
Кристина КАЛЫГАЧ, АТА-АНА:
Мен топқа кірген кезімде тәрбиешінің ұлыма айқайлап жатқанын көрдім. Ал ол мені көрді де арғы бөлмеге кіріп кетті. Бірден директорға жүгірдім. Бірақ, балабақшаның басшысы өз қызметкерін жақтап, олай болуы мүмкін емес. Балаларды ұру түгілі қолынан ұстамаймыз, - дейді. Қазір менің ұлым балабақшаға барғысы келмейді. Ұрсады деп айтады.
Облыстық білім беру басқармасы тәрбиешінің бұл әрекетін растады. Сол үшін оны жұмыстан шеттеткен. Тәрбиешінің ерсі қылығына қатысты полиция әкімшілік іс қозғапты. Ал жұмысына салғырт қараған балабақша меңгерушісіне сөгіс берілді.
Тілектес ЕСЕНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №52 АРНАЙЫ БАЛАБАҚША ДИРЕКТОРЫ:
Біз осы тәрбиешіні жұмыстан босатып, қазір административка жасалды. Содан көреміз қандай үкім шығатынын. Қазір мен сіздерге ештеңе айта алмаймын.
Ө. Қуанар