Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Азық-түлікті несиеге аламыз»,- тұрғын

AstanaTV
20.10.2022ж. 20:00
1906
«Азық-түлікті несиеге аламыз»,- тұрғын

Президент Қасым- Жомарт Тоқаев Жетісу облысы жұртшылығымен кездесуде сондай-ақ, кредит мәселесі бойынша жуырда өз ұсынысын жариялайтынын айтты. Елімізде несие алып, қарызға батқандар көп екеніне тоқталды. Статистикаға сүйенсек, банктер берген жалпы несиенің 16 проценті-тұтынушылық несие. Жұрт көлік пен тұрмыстық техниканы, киімді былай қойғанда күнделікті азық- түліктің өзін кредитке алатын болған.

Гүлім Анаева Ақсу ауылының тұрғыны. 5 баланың анасы сонау 150 шақырым жерден облыс орталығына Каспи редпен азық- түлік алып қайту үшін келген. Отағасының аз ғана табысы ары тартсаң ары, бері тартсаң бері жетпейді,- дейді.

Гүлім АНАЕВА, АҚСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Ақшада құн жоқ, өзімнен білем. Келесің қалаға ешқайда жетпейді. Тамақтың бәрі қымбат. Киімнің өзіне жетпейді. Киімді Редқа алам, кейіннен тамаққа көштік, тамақтың өзін шын кейіннен Редқа алуға көштік. Халық жетпегеннен кредит алады, жетіп тұрса кредит алмайды ғой, бәріміз де кредитта отырмыз».

Жалпы жұртпен тілдесіп байқағанамыз, қазір қарызға азық-түлік алудан ешкім арланбайды. Жалақы аз, тамақ қымбат дейді. Сондықтан кредитке кіруге мәжбүр екендерін айтады.

Қазір тауарды несиеге беретін дүкен көп. Данияр – сондай сауда нүктесінің иесі. Айтуынша, бұрын азық-түлікті қарыз дәптерге жаздырып алатын жұрт қазір каспиредке үйреніп алған.

Данияр АМАНГЕЛДІ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

«Жасыратыны жоқ. Минимум елу мың мен 100 мыңға дейін. Ол барлық магазинде бар деп айта аламын. Жалғыз бізде емес. Қымбатшылық қалай басталды солай алады каспи редке».

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, тұтынушылық несиенің көлемі жалпы несиенің ішінде 16 проценттен асады. Жылына 50 пайызбен несие беретін банктер бар. Бірақ, халық оған қарап жатқан жоқ.

Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:

Азаматтарымыздың тіпті азық-түліктің өзін несиеге алып жатқаны бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағдайының төмен екендігінің көрсеткіші. Кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр деп айтуға негіз бар. Демек, халықтың, азаматтардың табысын арттыру қазір кезек күттірмейтін, күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселелердің бірі болу керек деп есептеймін».

Бүгін Президент Қасым- Жомарт Тоқаев таяуда кредит мәселесі бойынша ұсыныс жариялайтынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені де қатты толғандырады. Таяу арада мен осы мәселе бойынша ұсынысымды халыққа жариялаймын

Мамандардың айтуынша, несие алуға байланысты адамдардың екі типі бар. Бірі - қарыз алып, уақытылы жабатындар, екіншісі - үсті-үстіне несие алатындар. Екінші қатардағылар бұл процесті қалыпты санап, "қазір кімде кредит жоқ?" деген ұстаныммен өмір сүреді. Сондықтан, сарапшылар азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру керек дейді.

А. Қуаш