Бүгін Халықаралық авиация және ғарыш күні. Әрі биыл адамзаттың аспан әлемін
бағындырғанына тура 55 жыл толып отыр. Бұл датаның қазақ үшін де орны айрықша.
Себебі сол алғашқы сапар 1961 жылы 12-ші сәуірде қазақ топырағында, яғни
Байқоңыр ғарыш айлағында жасалған еді. Ал осы күнге дейін айлақты жалға алып
отырған Ресей тарапы бүгін Байқоңырдан 2023 жылға дейін кетпейтіндерін
мәлімдеді.
Я
испытал большое счастье быть первым в космосе. Вступить один на один в
небывалый поединок с природой. Можно ли мечтать о большем?
Осыдан
55 жыл бұрын, яғни 1961 жылдың 12-ші сәуірінде, Юрий Гагарин дәл осылай ғарыштан
тіл қатқан еді. Тарихи күннің бізге де тікелей қатысы бар. Себебі адамзатқа
аспан әлемін бағындыруға жол ашқан әйгілі айлақ - Байқоңыр - қазақ топырағында
орналасқан. Бүгінге дейін орталықтан мың жарымға жуық ғарыш аппараты биіктеп
үлгеріпті.
Ғарыш
айлағы өз жерімізде болғанымен, одан алғаш қазақ космонавты арада 30 жыл
өткенде, 1991 жылы шықты. Ол міндет бірінші Тоқтар Әубәкіровке артылды. Арада 3
жыл өткенде, екінші ұшқыш - Талғат Мұсабаев ғарышқа аттанды. Оның бұдан кейін
тағы 2 мәрте ұшқаны бар. Барлығын қоса есептегенде, Мұсабаев ғарышта 342 күн
болыпты. Ұзақ жылдарға ғарыш агенттігін де басқарды.
Талғат
Мұсабаев, ҚР Президентінің кеңесшісі, ғарышкер (қаңтар, 2016):
Байқоңыр - теңдесі жоқ ғарыш айлағы. Онда алғаш жер серіктері, адам баласы ұшты. Біз орталықтың
жұмысы жалғасуы үшін, барын жасауымыз керек. Қазір нақты келісімдер жасалып
жатыр. Егер сәтті шықса, біз Байқоңырға кіруге мүмкіндік алуға тиіспіз.
Ал
бұл үшінші қазақ ғарышкері - 42 жастағы Айдын Айымбетовтың үлкен сапарға
аттанған сәті. 2-ші қыркүйектегі оқиға тарихқа жазылды. Космонавт аспан кеңістігінде 10 тәулік болып,
елге нағыз батыр ретінде оралды.
Айдын
Айымбетов, ғарышкер:
Әрине,
өмірім қатты өзгерді. Ұшқанға дейін, кейін деп алуға болады. Бәрінен де
танымалдық үлкен кедергі жасайды екен. Әсіресе, жастар селфи жасауға құмар. Бас
тарту ыңғайсыз. Түсінесіздер ғой, әскери қатардағы адам болған соң, оған жақын
емеспіз. Үшінші болып, ғарышқа ұшу абыройының бұйырғанына әлі де сенбеймін.
Ғарышкер
қатары мұнымен шектелмек емес. Себебі жүргізіліп жатқан келісімге сәйкес,
Байқоңыр кешенідегі стратегиялық маңызы зор қызметтерге қазақстандықтар да
тартылмақ. Мәселен, наурызда мұндай міндет 92 отандық маманға жүктеліпті. Оған
«Бәйтерек» бағдарламасы аясында қол жетікізілген. Бірақ 2021 жылға дейін жоспарланған
жобаны аяқтауға Ресейдің қаражаты тапшы.
Мейірбек Молдабеков, ҚР Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары:
«Роскосмостың» бізге берген жауабына
қарағанда, 2021 жылға Ресей космос өндіріс кешеніне толықтай қатыса алмайды.
Ондағы жұмыстар да басталмауы мүмкін. Сондықтан тек жобалық рәсімдер ғана
жасалып отырмақ. Десе де «Бәйтерек» бағдарламасының негізгі серіктесі Ресей
Федерациясы болып қала береді.
Бірақ
«Роскосмос» Қазақстанмен біріккен жұмысты жалғастыруға ниетті. Ал бүгін Ресей
вице-премьері Дмитрий Рогозин 2023 жылға дейін айлақты босатпайтындарын мәлім
етті. Айта кетсек, олар Байқоңырды жылына 115 млн АҚШ ақшасын
төлеп, ұзақ мерзімге жалға алып отыр.
Құралай
ПИОНЕР