$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары азаматтарды қабылдады

AstanaTV
26.07.2016ж. 20:00
2590
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары азаматтарды қабылдады

Қызылжарлық бұқара тұрғын үй аулаларының абаттандырылмай жатқанына наразы. Бүгін "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ұйымдастырған азаматтық қабылдауда осындай мәселе көтерілді. Артур Молдағұловқа жолыққан ПИК төрайымы Валентина Новиженнаяның айтуынша, ауладағы жол cын көтермейді, ал балалар алаңқайындағы ойын құрылғыларының жаңартылмағанына 30 жыл болғанын айтты. Болатбаев көшесіндегі төртінші үйдің тұрғыны бұл мәселені арқалап, талай табалдырықты тоздырған. Бірақ нәтиже жоқ әзірге. Қайыр болмаған соң, жұрт жолдағы шұрық-тесікті кірпішпен жамап тастапты.

Валентина Новиженная, Петропавл қаласы ПИК төрайымы:

Біздің үйде 430 пәтер бар. Демек, бала  саны көп. Бірақ балғындарға ойнайтын жер жоқ. Балалар алаңқайын су басып кетті. Осы проблеманы шеше алмай отырмыз.

Артур Молдағұлов, «Нұр Отан» партиясы СҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Депутаттар мен «Нұр Отан» партиясының хаты арқылы таяуда болатын облыстық мәслихат сессиясында қосымша қаражат сұрап, күн суығанша не жолды жөндеп беруге, не балалар алаңқайын қалпына келтіруге тырысамыз.

ПИК төрайымынан басқа «Нұр Отанның» көмегіне тағы екі кісі жүгінді. Евгений Нистолий партиялықтардан бас прокурормен кездесуін сұрады. Оның баласы 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ азамат сот үкімімен келіспей отыр. Ал Ақжар аудандағы Талшық ауылының тұрғыны Мари Ілиясова жетекші партияға екі проблемамен келген. Еңбек ардагері нұротандықтардан баспана мәселесін шешіп, келесі жылы шипажайға жолдама бөлуін өтінді. Өз кезегінде Артур Молдағұлов барлығын тыңдап, қол ұшын созуға тырысатынын жеткізді.

Айта кету керек, партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына көбінесе барар жері, басар тауы қалмаған тұрғындар келеді. Көп жағдайда партиялықтар көмекке мұқтаж адамдардың мəселелерін шешіп береді. Тек соңғы жарты жылдың ішінде қоғамдық қабылдауға 1300-ге жуық адам келген. 

Абзал ҚҰРМАНКИН