$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қостанай облысының тұрғындары «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына бейнебайланыс түрлерін қолданып жүр

AstanaTV
26.07.2016ж. 20:00
2407
Қостанай облысының тұрғындары «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына бейнебайланыс түрлерін қолданып жүр

Бейнебайланыстың берері мол. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына ғаламтор арқылы жүгінетіндер саны көбейіп келеді. Мәселен, 2 жылдан бері Тобыл өңірінің елуге жуық тұрғыны осы жаңа қызмет түрімен өтініш-шағымдарын білдірген.

Жұмыспен қамту орталықтарында болдым. Ол жерде маған ұсыныс жасағандары жекеменшік ұйымдар. Ал менің қалауым - мемлекеттік қызметке орналасу.

Ғаламтор арқылы бейнебайланысқа шығып, сауал жолдаған Әділхан Сабыржанұлы мемлекеттік қызметкер болғысы келетіндігін білдіріп, жұмысқа орналасу үшін қандай құжаттар дайындау керектігін сұрастырды.

Облыстық филиалдың қоғамдық қабылдауына бұл жолы Ұзынкөл, Денисов секілді шалғайдағы аудан тұрғындары да хабарласып, өтініш-шағымдарын жеткізді. Олар жергілікті «Қазпошта» бөлімшесі арқылы байланысқа шықты.

Серікбай Шаймағанбетов, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы баспасөз қызметінің жетекшісі:

Осындай әдістердің бір түрі мінекей 2 жылға тақап қалды. Осы байланыс жүйесі  арқылы, яғни облыс орталығынан шалғайда отырған адам, көлікпен келуге қиын жерде отырған адам жергілікті пошта бөлімшесіне барады да, телефон арқылы немесе скайп арқылы осылай өтініш-шағымдарын айтып жатады. Көпшілігі кеңес алу үшін хабарласады. Оларға біздің тараптан заңгер немесе бөлім басшылары толық жауап беруге тырысады.

Жыл басынан бері облыстың түкпір-түкпірінен 20 адам қоғамдық қабылдауға бейнебайланыс арқылы жүгініпті. Олардың мәселесі оң шешімін тапты, - дейді  нұротандықтар. Ал облыстық филиалдың қоғамдық қабылдауына хабарласқан 3800-ден астам аймақ тұрғыны қажетті кеңестерін алған. 600-ге жуық азаматтың мәселесі толық шешілген. 

Заңғар САНАЙ