Астанада ІІ Халықаралық TEATRALL фестивалі басталды. Биыл ол Республика күніне және театр мен киноның көрнекті режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналды. Шараны Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырған.
Фестиваль қонақтары 10 үздік қойылымды тегін тамашалай алады. Өнер сүйер қауым үшін 14 театр өнер көрсетеді. Оның сегізі - Қазақстаннан, қалған алтауы шетелден шақырылған. Фестивальге ұсынылатын спектакльдерге қойылатын басты талап – Әзірбайжан Мәмбетовтың пьесасын сахналау шарт.
Асанәлі ӘШІМОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ, ҚАЗАҚСТАН ТЕАТРЛАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сахнадағы декорациясының өзі, актерлардың жұмысы, трактовкасы, сол масштабта жүрді. "Осындай да болады. Театрда мұндай да болады. Бұл – театр. Өмір басқа, ал театр басқа" деп кейбір елдің көзіне ыңғайсыз, ондайды көрмеген сондай-сондайларды сахнадан көрсеткен бірінші Әзірбайжан.
Фестивальдің мақсаты – театр өнерін дамыту. Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтарын Әзірбайжан Мәмбетовтің аты аңызға айналған туындыларымен таныстыру. Спектакльдер бірнеше театрдың сахнасында қойылады.
Санат ШАПАШОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біз барлық театрларды біріктеретін фестиваль жасағымыз келді. Бұл жай ғана шара емес, үлкен мереке дер едім. Мұндай фестивальды өткізу дәстүрге айналғанын қалаймыз. Себебі, әр жылдың қазан айында елордада осындай үздік әрі қызық қойылымдар тамашалай алатындарын көрермендер біле жүруі керек.
Фестивальдің арнайы қонағы — Мәскеуден келген ГУЛАГ тарихының мемлекеттік музейі мен "Таратурм" шығармашылық бірлестігі. Фестиваль нәтижесінде жеңімпаздар сегіз номинация бойынша марапатталады.
А. Серік