Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты сот үкімі шықты. Экс-шенеунікке екі айып тағылған болатын. Соның бірі бойынша ол ақталды. Ал екіншісіне қатысты Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов екі жыл бұрын санитариялық авиацияның әуе кемесін пайдаланды деген күдікке ілінген болатын. Бүгін экс-шенеунік өзіне тағылған айып бойынша кінәсіз боп танылды.
Ибрагим ӘЛКЕНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ САРЫАРҚА АУДАНДЫҚ №2 СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Елжан Амантайұлы Біртанов ҚР Қылмыстық кодексі 361-бабының 3-бөлімінде санитариялық авиацияның әуе кемесін пайдалану эпизоды бойынша қылмыстық құқық бұзушылық үшін кінәсіз деп танылсын және оның әрекеттерінде осы қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, ақталсын.
Ал бюджет қаражатын ысырап етті деген айып бойынша Елжас Біртанов пен Олжас Әбішев кінәлі деп танылды. Экс-министрге бес жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалса, Әбішевке 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза берілді.
Ибрагим ӘЛКЕНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ САРЫАРҚА АУДАНДЫҚ №2 СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
ҚР ҚК 361-бабы 3-бөлімі 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев кінәлі деп танылсын және осы бап бойынша Біртановқа бес жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза, Әбішевке 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалсын.
Сот отырысынан кейін Елжан Біртанов бұл шешіммен келіспеймін – деді. Ол өзінің ешқандай қылмыс жасамағанын, мемлекет үшін адал қызмет еткенін айтты. Алдағы уақытта аппеляцияға беретінін мәлімдеді.
Елжан БІРТАНОВ, ЭКС-МИНИСТР:
Сот шешіміне жартылай көңілім толды. Себебі, мынау бірінші қылмыс бойынша, санитарлық авиация бойынша сот мені ақтады. Әрине, мынау екінші эпизод бойынша, мынау цифрлық платформа бойынша сот шешімімен келіспейміз, әрине. Енді сот шешімі қабылданды. Заң бойынша біз адвокаттармен ақылдасып, қажетті, заңды шаралар ары қарай жасаймыз. Аппеляцияға береміз.
Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке "лауазымдық өкілетін теріс пайдаланды" деген айып тағылған. Екі күн бұрын олар сотта соңғы сөзін айтты. Өздеріне тағылған кінәларын мойындамай, соттан өздерін ақтауды сұраған болатын.
А. Задабек