$498.34 €519.72 ₽4.85
×

17 мың гектар алқап қай облысқа тиесілі?

AstanaTV
31.10.2022ж. 20:00
2297
17 мың гектар алқап қай облысқа тиесілі?

Павлодар мен Қарағанды облыстарының арасында жатқан 17 мың гектар алқап қай облысқа тиесілі екені әлі күнге дейін белгісіз. Екі аймақта бұл жерді шаруаларға беріп тастаған. Осының салдарынан телімнің екі қожайыны бар. Жалға алған жерін қарағандылық шаруа, жыртып егін еккен. Ал павлодарлық малшы егіннің үстіне мал жаюға мәжбүр. Ең сорақысы шаруалар бір-біріне қоқан-лоққы көрсетумен келеді. Тілшіміз Өзгеріс Қуанар тақырыпты тарқатады.

Бұл - дау 2013-ші жылы басталған. Керекулік шаруалар ежелден мал баққан жерімізге, қарағандылықтар келіп, алқапты жыртып кетті дейді. Абдырып қалған жергілікті жұрт, олардың да, өздерінің де қолында құжаттары бар екенін айтады.

Жомарт АХМЕДИН, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

Екі хрестян да салық төлеп отыр. Қалай сонда мен соны түсінбеймін. Біреуі егін салады. Біреу жайылым қылады.

Жасұлан РАХЫМЖАНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

Таңертең малымыз осы егінге түсіп кетіпті. Содан кейін апарып, видике бәріне түсірген загонға қамап тастаған. Ал екінші түсетін болса, каждый малыңа штраф саламыз да. Ал штрафы примерно 20 млн болады депті.

Мәселені екі жақтың да атқамінерлері шеше алмай келе жатқандарына 10 жылға жуықтап қалды. Әрқайсысы өз шаруаларын қорғап әлек. Қарағанды облысының шенділері де, таласқа түскен алқап Павлодар облысына тиесілі екенін растайтын құжат жоғын алға тартады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Павлодар және Қарағанды облыстары колхоздарының мемлекет қорындағы жайылымдық жерлерді пайдалану туралы дауды шешу комиссиясының 1952 жылғы шешімінде даулы жер Қарағанды облысының құрамында есептелген.

Жергілікті шаруалар мәселенің неге сиырқұйымшақталып кеткенін түсіне алар емес. Олар облыс басшысына шешуді талап етті.

Сұңқар АХАНОВ, АҚШИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2013 жылдан бастап, міне, 9 жыл болды. Шешілмей келе жатыр. Осы мәселені көтерген атам марқұмның өзі қайтыс болып кетті. Сізден сұрайтынымыз. Нақты мерзімін қояларңызды сұраймыз! Қашан шешіледі? Кім жауапты?

Әбілқайыр СҚАҚОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл жерде екі облыстың арасында болған дау болса, оны Үкімет, ауыл шаруашылығы министрлігі, оның ішінде жер ресурстары комитеті бар оны шешу керек. Сондықтан, ол біздің құзыретімізге жатпайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәселені біледі. Жерді бөлу туралы жергілікті әкімдіктерге арнайы тапсырма берілгенін жеткізді.

Дамир ЕГІЗБАЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Павлодар және Қаранғанды облыстарының әкімдіктеріне шаруалардың жер учаскелерін орналасу шекараларын ескере отырып, аталған жер учаскесін дәл жартысына бөлу және тиісті жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу және облыстардың жергілікті атқару органдарының бірлескен шешімін қабылдауды ұсынып отырмыз. Бұл жұмыстарды былтыр жүргізуі шарт еді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Министрлік сөзіне қарағанда, бұл мәселе өткен жылы шешілуі тиіс болған. Бірақ әлі күнге дейін өз шешімін таппаған. Амалы таусылған шаруалар бұл іске Үкімет басшысының араласуын сұрап отыр. Өйткені, әкімдіктер мен министрлік мәселені бір-біріне сілтеуден әрі аспай келеді дейді.

Ө. Қуанар