Ал сіздің көлігіңіз қысқа дайын ба? Елімізде көліктің қысқы дөңгелегі 20 процентке қымбаттады. Кейбіреулер соның салдарынан машинамызды қысқа қамдай алмай отырмыз дейді. Дөңгелек бағасының қымбаттауына не себеп? Тілшіміз Аружан Задабек сауда орындарын аралап, бағаны бақылады. Сатушымен де, сатып алушымен де сөйлесті. Сюжет көрейік.
Қазір базарда бір дөңгелектің бағасы 25 мың теңгеден басталады. Ал былтыр 15-20 мың теңгеге алуға болатын еді дейді тұрғындар. Енді қара суыққа қамданған халық не істерін білмей дал. Төрт дөңгелек үшін кем дегенде 100 мың теңге керек. Ал мұны кез-келгеннің қалтасы көтермейді.
Жанболат ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ауыстырған жоқпын. Қымбат. Ақша жоқ! 50 процентке қымбаттап кетті ғой. Вообще балон ала алмай жүрмін. Балон түгілі бензин ала алмай жүрмін.
Астанада автодөңгелек сататын орын көп. Қалағаныңды шертіп жүріп таңдайсың. Жапон, неміс және ресей тауарының түр-түрі бар. Бірақ арзаны жоқ. «Баға өткен жылмен салыстырғанда 20 процентке өсті» дейді кәсіпкерлер. Мұны Еуропа елдерінің Ресейге салған санкцияларының салқыны деп түсіндіреді.
Алтынбек ҚАУЫШОВ, АВТОДӨҢГЕЛЕК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:
Өткен сезоннан биылғы сезонда баға сәл көтерілді. Шинаның размеріне байланысты орташа баға 25, сондай бағада болады. Жоғары санаған кезде ол енді үлкен размерлерде 100 мыңнан асады.
Қысқы дөңгелектің құны ғана емес, оны ауыстыру ақысы да шарықтап тұр. Мәселен, өткен жылы төрт дөңгелекті алып-салу 5-6 мың болса, биыл 8 мың теңгеден жоғары.
Ауа температурасы 10 градустан төмендесе, көлікке қысқы дөңгелек салынуы керек. Заң талабы осындай. Егер 1-желтоқсанға дейін қысқы дөңгелек ауыспаса, көлікпен жүруге тыйым салынады. Айыппұл төлеуге мәжбүр боласыз. Сондықтан қазірден қамданып, қысқы дөңгелекті сайлап алған жөн дейді мамандар.
А. Задабек