Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Қызылордада «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасынан мыңдаған бала үмітті

AstanaTV
02.11.2022ж. 20:00
1171
Қызылордада «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасынан мыңдаған бала үмітті

2024 жылдан бастап Ұлттық қор¬дың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнау¬лы жинақтаушы есепшотына аударылады. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы тапсырмасы негізінде жүзеге асырылмақ. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Демек, бұл бастама балалардың болашағына берілген жолдама болмақ.

Қызылордалық Бақытбек Бәрзуұлының отбасы да ұлттық қордан өз үлестерін алуға үмітті. Бұл шаңырақта 7 бүлдіршін өсіп келеді.

Бақытбек БӘРЗУҰЛЫ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әрбір қазақстандықтың көкірегіне бүлдіршіндердің болашағын уайымдап жүрген уайымнан шамалы сергізіп, жүректеріне шырақ отын жақты десек болады. Бүлдіршіндердің болашағын жарқын да, жақсы болады деген кәміл сенімдеміз. Аз болсын, көп болсын берекелік қаржы деп ата-аналар тарапынан разылығымызды білдіріп отырмыз.

Аймақта 18 жасқа дейінгі 340 мыңға жуық бала бар. Мамандар орта есеппен жылына 19 000 шақалақ туылады дейді. Демек, мыңдаған бала «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасының шарапатын көрмек. «Бұл ақжолтай жаңалық ата-аналардың көкейіндегіні дөп басты» дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев.

Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жасөспірім балаларға, келешегіне, өмір сүруіне, келешек елдің азаматы болып өсуіне үлкен әлеуметтік әсері болады ғой деп біз есептейміз. Қызылорда облысының халқы, экологиялық аймақта тұратын халықтар өте зор ықыласпен қабылдап, бүгінгі күні сондай әсер алуда.

Мамандардың айтуынша, ұлттық қорға былтыр 2,3 млрд доллар инвестициялық қаржы түскен. Ескере кететін жайт, оның табыстылығы бір деңгейде болмайды. Түсім шетелдік валюта бағамына, инфляция деңгейіне және шетелдік құнды қағаздардың нарықтағы бағасына байланысты құбылмалы болып тұрады.

Гүлшат МҰСАЕВА, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ МАГИСТРІ:

Валюталық портфельде ұлттық қорда 55,3 млрд доллар немесе 28 трилион теңге құрайды. Ай сайын немесе тоқсан сайын есептелмейді. Өйткені жылдық қорытынды жасалынады. Содан кейін ғана осы инветициялық табыстың 50 пайзы елде қанша бала бар соған бөлінеді.

Айта кетейік, жиналған қаржы балаға кәмелет жасқа толғанда ғана қолжетімді болады. Оны баспанаға немесе білім алуға жұмсай алады. Ұстаздар қауымы, бұл – балалардың баллы жеткен емес, таңдаған мамандығына түсуіне де сеп болады деп отыр.

М. Тоқтасынқызы