Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Түркістан облысында 40 млн теңгеге салынған спорттық алаңдар қолдануға жарамай қалған

AstanaTV
04.11.2022ж. 20:00
1992
Түркістан облысында 40 млн теңгеге салынған спорттық алаңдар қолдануға жарамай қалған

Түркістан облысында 40 млн теңге бюджет қаржысына салынған спорт алаңдары жарамсыз күйде тұр. Төлеби ауданындағы төрт шағын футбол алаңы пайдалануға берілгеніне жарты жылға жетпей істен шыққан. Жастар жылында ашылған алаңдар балалар жылында да балалардың қажетіне жарамай жатыр деп ашуланады ауыл тұрғындары.

Жасыл төсеніштер футбол алаңының бір бұрышынды үйіліп тұр. Күнге күйіп, шіріп жатқанына жылдан асқан. Ойын алаңы ашылғанда қуанған Көксәйек ауылының үлкен- кішісі ол қуаныштың ұзаққа созылмағанын айтады.

Үсен КЕМЕЛОВ, КӨКСӘЙЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балалардың бәрі қазір телефонда. Үйден шықпайды. Соларға бір ермек болды ғой деп қуанып ашылғанына, өзіміз бастағанбыз осы жерде турнирлер өткізіп апта сайын. Келе-келе мынау істеген заттары, алған материалдарының бәрі сапасыз боп шықты. Общым істеген стадион сапасыз, өте нашар болды.

Елдімекеннің бұл аумағында шамамен 500 -дей үй бар. Мұнда балалар доп тебетін мүлдем жер жоқ. Ауыл тау етегінде орналасқандықтан тегіс жер табу қиын. Спорт алаңының орнын тұрғындар өз күштерімен әзірлеген көрінеді. Жасыл төсенішті кейін шағал тастың үстіне төсей салды деп іштері удай ашиды.

Төлепбек АЛМАТАЕВ, КӨКСӘЙЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы жер сай сала тұғын, 2 метр тереңдікте сай тұғын бұл жер. Осы ауылдың азаматтары, ағаларымыздың көмегімен дәл осы жерге біз ортадан ақша жинап, 100 камаздан ховодан аса осы жерді тегістегенбіз топырақпен. Өздерінің отчеттарына біз енді естігеніміз 180 камаз топырақ төседік деп шығарыпты. Ондай ештеңе болған жоқ. Бұл жерде халықтың еңбегі.

Зұлпыхар ҚОЖАМЖАРОВ, КӨКСӘЙЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әр тепкен добына бір сетка ұшып жатыр. Түбінің бәрі сапасыз. Қадасының бәрі әшейін халтура. Мына стадионға төсегені- щебенка, щебенканың үстіне балалар ойнай ма?!

Төлеби ауданында екі-ақ жыл бұрын пайдалануға берілген тағы үш футбол алаңы да жарамсыз күйде.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Леңгірдегі шағын футбол алаңының күйі де кісі шошырлық. Жарты жылға жетпей мына төсеніштері дал-дұлы шыққан. Мына темір қақпаның өзі құлауға шақ тұр. Басқа түспес үшін балалар жіппен байлап қойыпты.

Леңгір қаласының әкімдігі 27 млн теңгеге үш спорт алаңын салған мердігерді сотқа бергендерін айтады. Нәтижесінде екеуі қайта қалпына келтірілген. Енді соңғысын жөндеп беруді талап етіп отырған көрінеді. Ал Көксәйек ауылының әкімдігі 13 млн 234 мың теңгеге тапсырыс берген 1300 шаршы метр аумақтағы спорт алаңының тағдыры қалай шешілері әзірге белгісіз. Мердігерді өзіміз де таппай жатырмыз дейді.

Жексенбек СЕРСӘУЛЕТОВ, КӨКСӘЙЕК АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мен әкім боп келгелі бері ол фирмаға бес рет ескерту бердім. Ескертуді олар ескермеді. Одан кейін сотқа бердім. Сотқа үш рет бердім. Сот орындаушылары Шымкентте деді адресі. Одан Кентауда екен деді. Кентауға тағы да жіберіп ек, енді қазір Кентаудағы адресі де дұрыс бомай шығып, қазір енді Алматыда деп адрес сондай деп жатыр. Қазір енді сот орындаушысы сол бойынша жұмыс жасап жатыр адрестерін анықтап жатыр.

Ауыл әкімі әзірге айыппұлды ғана қанағат етіп отыр. Ал ауыл азаматтары мемлекеттің миллиондары жұмсалған дүние аяқсыз қала ма деп алаңдайды. Өйткені кепілдік мерзімі бітуге жақын.

Р. Бақытжанқызы