Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қаңтар оқиғасы: 117 адам бас бостандығынан айырылды

AstanaTV
07.11.2022ж. 20:00
1568
Қаңтар оқиғасы: 117 адам бас бостандығынан айырылды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, биліктің және лауазымдық өкілетін асыра пайдалану жөніндегі қылмыстық істерін тергеу аяқталды. Бас прокуратура айыптау актісін бекітіп, қылмыстық істі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотына жолдады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті. Сондай-ақ, қаңтар оқиғасына қатысты 16 мыңнан астам адамнан жауап алынып, 117 адам бас бостандығынан айырылды. Шамамен құны 350 миллион теңге ұрланған мүлік тәркіленіп, мыңнан астам қылмыстық іс өндіріспен аяқталды. Оның ішінде 629 адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілген.

Санжар ӘДІЛОВ, ҚР ІІМ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Бүгінгі таңда 579 адам сотталды. Оның 462-сі бас бостандығынан айыруды көздемейтін жазаға кесілді. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 117 адам нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 14 сотталушыға қатысты тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Ал 5 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, рақымшылық шарасымен шамамен 1,5 мыңға жуық адам қамтылмақ. Соның 878-інің ісі қамау мерзімін қысқарту және жазадан босату туралы ұсыныстармен соттарға жолданған. Осы орайда оларға қатысты берілген жазалардың мерзімі қайта қаралмақ.

Елдос ҚИЛЫМЖАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тергеу органдары сотқа дейінгі сатыда ауырлығы орташа қылмыстарды жасаған 5 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты. Қалған адамдар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады, оларға рақымшылық сот қолданылады. Олар тағайындалған жазалардың мөлшерін қайта қарайтын болады.

А. Базарбай