Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Шымкентте «Этно Шымкент» фестивалі ұйымдастырылды

AstanaTV
11.11.2022ж. 20:00
2971
Шымкентте «Этно Шымкент» фестивалі ұйымдастырылды

Шымкентте «Этно Шымкент» фестивалі ұйымдастырылды. «Shym Qala» этноауылында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы өткізген шара ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртты. Көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Қазақтың әні мен биін, күмбірлеген күйін тыңдаған шетелдік туристер таңдай қақты.

«Этно Шымкент» фестивалі бұған дейінгі шаралардан бөлек. «Shym Qala» этно ауылының көшесімен әуелі «Ұлы Жібек жолы» керуені жүріп өтті. 2200 жылдық тарихы бар елдегі үшінші мегаполисте кезінде сауда-саттықтың кең қанат жайғаны көпшіліктің көз алдында көрініс берді. Фестиваль қонақтары көне Шымкент қаласының атмосферасын, тұрмыс-тіршілігін сезінгендей. Көпшілік ән мен жырға сусындап, түрлі өнер иелерінің өнерін тамашалады. Сондай-ақ, халқымыздың ұмыт бола бастаған домбыра жасау, киіз басу, алаша тоқу сынды қолөнершілерінің еңбегімен жақын танысты.

Ұлжаркүл МАХАМБЕТОВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

Жастарға үйретуге тырысамыз. Жастар пайдаланса дейміз. Біз бабаларымыздан, әжелерімізден қалған ескілікті мұрагерлерді енді бізден кейінгі жастарға қалса деп ойлаймыз да енді.біздің ой мақсатымыз сол.

Бесікке салу, тұсаукесер, қыз ұзату дәстүрлерін де сахналанды. Ұлттық киімдер көрсетіліп, ұлттық тағамдардың әзірлену әдістері таныстырылды.

Владимир ЗАИКИН, МӘСКЕУЛІК МЕЙМАН:

Этнофестивальға кездейсоқ тап болып тұрмын. Қандай керемет шара өтіп жатыр. Таңдай қағып тұрмыз...Көзбен көріп қана қоймай, тәтті дәмдер, самаурынның иісінің өзі неге тұрады...

Ерлан ҚЫДЫРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біздің қазіргі басты мақсатымыз -оңтүстікте, Шымкент қаласында қандай қолөнершілер, қандай біздің тұрғындардың қолынан не келетінін көрсету мақсатында осы шараны ұйымдастырып жатырмыз.

Фестиваль келер жылы республикалық деңгейде ұйымдастырылады деген жоспар бар. Түнге дейін созылатын шара өнер ұжымдарының концерті мен от және лазерлік шоумен қорытындыланады.

А. Төребекқызы