Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін ескі көпір апатты жағдайда тұр

AstanaTV
15.11.2022ж. 20:00
2585
Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін ескі көпір апатты жағдайда тұр

Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін ескі көпір апатты жағдайда тұр. Осыдан 60 жыл бұрын бой көтерген өткел ауыр жүк көліктерін көтермейді. Сондықтан, бұл көпірге салмағы 10 тоннадан асатын техникалардың қозғалысына шектеу қойылған. Ал апатты көпірден құтылу үшін келесі жылы жаңа көпір салу жоспарланып отыр. Құрылыс кезінде қоршаған орта мен жануарлар дүниесіне зиян келмей ме? Экологтар бұған алаңдаулы. Ал жауаптылар не дейді? Өңірден-Өзгеріс Қуанар.

Ертіс өзені арқылы өтетін бұл көпір өткен ғасырдың 60 жылдары бой көтерген. Пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кетсе де, әлі күнге дейін қолданыста. Мамандар, бұл көпірдің әбден тозығы жеткен деп отыр.

Сондықтан да бұл жерге келесі жылы жаңа көпір салынбақшы. Құрылыс кезінде өзен аумағындағы 3 мың түп ағаш кесілмек. Бірақ, жергілікті билік оның орнын жаңа көшеттермен толтырамыз дейді. Бірақ, бұған экологтар алаңдаулы.

Татьяна ПОНОМАРЁВА, ЭКОЛОГ :

Кесілген ағаштардың орнынан егілген көшеттердің қалай өсетіні, ортаға қалай бейімделетіні маңызды. Бұған арнайы мамандардың көмегі қажет. Әйтпесе, бізде, құрылыс үшін отаған ағаштардың орнына отырғызған өсімдіктері көп жағдайда көктемей қалып жатады.

Су астындағы тіршілік иелеріне де зақым келеді дейді экологтар. Жауапты мекемелер бұл мәселені де шешу үшін Ертіс өзеніне шабақ жіберуді жоспарлап отыр.

Самал ТЕМІРБОЛАТОВА, «ЗАЙСАН-ЕРТІС» ОБЛЫСАРАЛЫҚ СУ БАССЕЙНІ ПАВЛОДАР ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Сол есептерге сәйкес зиян 2 млн. аса теңгеге келтіреді деп саналған. Соған сәйкес 5 мың аса дана Сібір бекіресі жіберіледі деп жоспарда бар. Бірақ, ол жоба 2020 жылы түскен. Сол 2020 жылға айлық көрсеткішке байланысты жасалған көрсеткіштер. 2023 жылы жасалса, ол қарастырылып есептер тағы өзгереді.

Ал көпір маңындағы оталған орман орнына «ҚазАвтоЖол» мекемесі де еселеп көшет екпек. Көпір жобасын осы кәсіпорын жасаған.

Алексей ЛОГВИНЕНКО, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК ПОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Келтірілетін залалдың орнын толтыру бір ағаштың орнына он ағаш деп қарастырылған. Яғни, оталатын үш жарым мың ағаштың орнына біз белгілеп берген жерге 35 мың түп отырғызамыз. Суға балық жіберу де сол есеппен алынады.

Ұзындығы 2 шақырым 700 метр болатын көпір құрылысына бюджеттен 40 млр-тан астам қаражат бөлінеді. Бұл ТМД елдерінде теңдесі жоқ сәулет нысаны болмақ. Құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал көпір салу кезінде көліктер қозғалысына шектеу қойылмайды. Жаңа көпір ескі көпірдің оң жағынан салынады.

Ө. Қуанар