$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керек – Үкімет басшысы

AstanaTV
15.11.2022ж. 20:00
1302
Бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керек – Үкімет басшысы

Үкіметте еліміздің 10 айдағы дамуы мен бюджеттің атқарылуы талқыланды. Премьер министр әкімдерді сынға алды. Қай өңірде экономикалық өсім төмен? Үкімет басшысы қандай тапсырмалар берді? Осы және өзге де ақпараттар экономика топтамасында.

ӘКІМДЕРГЕ ТАПСЫРМА БЕРДІ

Жыл басынан бері ел экономикасы 2,5 процентке өскен. Дегенмен инфляция да жеделдеген. Әсіресе қазан айында. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров үкіметте айтты. Оның сөзінше, биыл Қазақстанда барлық дерлік салада өсім бар.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Биыл қаңтар-қазанда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,5%-ті құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім – 2,8%, ал қызмет көрсету саласы – 1,6%. Оң өсім қарқыны ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік және қоймалау салаларында тіркелді.

Әлихан Смайылов әкімдер мен министрлерге инвестиция тарту мен жұмыс орнын ашу бойынша жұмысты күшейтіп, бағаны бақылауда ұстауды тапсырды.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Сонымен қатар бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керек. Биылғы жылдың қазан айында инфляция өсімі жеделдеді. Бұл процесске азық-түлік тауарлары бағасының өсуі айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл, бірінші кезекте әкімдіктер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Ал бюджеттің кіріс-шығысы туралы Ерұлан Жамаубаев баяндады. Оның айтуынша биыл мемлекет қазынасына 12 трлн 427 млрд теңге түскен. Алайда милиардтаған теңге игерілмей қалыпты. Республикалық бюджет бойынша 278 млрд теңге игерілмеген. Бұл бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер, Төтенше жағдай және Оқу-ағарту министрлігінің көрсеткіштері төмен. Өңірлерге бөлінген 520 млрд теңгені әкімдер игере алмай жатыр. Ең көп игерілмеген сома Астана қаласы, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында.

25 ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ ЖОЙЫЛДЫ

Қаржылық пирамидалармен күрес аясында заңсыз мазмұндағы 8,8 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов мәлімдеді. Ол Президентке Агенттіктің биылғы 10 айда атқарған жұмысы туралы есеп берді. Элимановтың айтуынша, жиырма бес ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген. Сонымен қатар қаржылық барлау қызметі есірткі сататын 15 интернет-дүкенді әшкерелеген. Олардың жалпы сауда айналымы 4,4 миллиард теңге болған және 27 мыңнан аса азаматты қамтыған. Бұл материалдар Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметіне жолданды.

Б. Сатуов