Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Бір сағаттық әке: Жаңа қызмет түріне сұраныс көп

AstanaTV
16.11.2022ж. 20:00
1603
Бір сағаттық әке: Жаңа қызмет түріне сұраныс көп

Бір сағаттық әке! Елімізде ұл тәрбиелеп отырған жалғызбасты әйелдер тарапынан осындай қызмет түріне сұраныс артқан. Олар, баласын нағыз ер азамат етіп тәрбиелеу үшін бөтен ер азаматтың көмегіне жүгінеді. Бұл бала психологиясына керісінше, теріс әсерін тигізбейді ме? Психологтар не дейді? Толығырақ келесі бейнематериалда.

Әлеуметтік желіде «Бір сағатқа әке боламын» деген жазбаны көрсеңіз, таң қалмаңыз! Себебі бұл – жаңа қызмет түрі. Тіпті, мұны кәсіп көзіне айналдырып алғандар арнайы агенттік ашып, оны ғаламторда жарнамалап жүр. Құрамы 2-3 ер адамнан тұратын топ «бала жайлылығы үшін барлығын жасаймыз» – дейді.

«Әке» боламын дегендердің біріне біз де хабарластық.

Елімізде әрбір төртінші жанұяның дәм-тұзы жараспай, жолы екіге бөлінеді. Мәселен, жыл басынан бері 48 мыңнан астам жұп ажырасқан. Бұл - Ұлттық статистика бюросының мәліметі.

Жұлдыз АХМЕТОВА, АСТАНА қ. ТАТУЛАСУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ:

Ажырасуға арыз беретіндердің дені – жастар. Әсіресе, үйленгендеріне 1-2 жыл болған ерлі-зайыптылардан түсетін арыз көп. Біз, әрине, олармен сөйлесеміз. Татуластыруға тырысамыз.

Қазақстанда 600 мыңнан астам жалғызбасты ана бар. Жағдай осылай жалғаса берсе, бір сағаттық әке қызметіне жүгінетіндер де көбейе түспек. Сондықтан мұны дер кезінде тоқтату керек – дейді қоғам белсендісі.

Ғалымжан КЕРІМБЕК, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Бұл нәрсеге мен өзім қарсымын. Себебі, біздің атамыз қазақ. кезінде мұндай жағдайлар орын алған кезде ол баланы сол әулеттің үлкендеріне, болмаса сол әулеттің нағашы жақтарындағы үлкен азаматтарға солардың тәрбиелеуіне берген.

Ал психологтар жалдаған қызметкердің психологиялық саулығына ерекше мән беру керек дейді. Егер оны толық зерттеп, зерделемесе бұл бала психологиясына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

12 жасқа дейін балада психика қалыптасады. Одан кейін міндетті түрде «мен басқа ер адамдардан қолдау алуым керек» деген психикалық бұзылыс пайда болуы мүмкін. Және болашақтағы адамдарға сенбеушілік, өзіне деген сенімсіздік, осындай психикалық құбылыстар пайда болуы мүмкін.

Елімізде жалғызбасты әке де көп. Ресми дерек бойынша, олардың саны - 68 мыңнан асады. Бұл -моно-отбасылар көбейіп жатыр дегенді білдіреді. Алаңдайтын мәселе!

А. Задабек