Жыл басынан бері 17 мыңнан аса адам интернет-алаяқтыққа тап болған. Зардап шеккендердің шығыны шамамен -15 млрд теңге. Қанша айтылса да, қанша ескертілсе де, алаяқтарға арбалғандар азаяр емес. Неге? Әріптесім Бекболат Сатуов себебін анықтап көрді.
Қазір аңқау елге арамза молда көп. Интернет-алаяқтар алдау-арбаудың сан түрін меңгерген. Әсіресе онлайн-сауда адамдарды сан соқтырудың ең тиімді тәсіліне айналды. Биыл осындай 6 мыңға жуық факті тіркелді. Одан бөлек банк қызметкерімін деп хабарласу, алаяқтардың әдісі болып тұр.
Алаяқтарға адамдар абайсызда тап болады дейді, мамандар. Мәселен сіз бен біз көрінген жерден вай-фай іздеп жүретініміз рас. Бірақ сол әрекетімізбен жеке деректеріміз бен банк карталарымыздың мәліметтерін қолды етіп алуымыз әбден мүмкін.
Жансая МЫРЗАҚҰЛ, ІТ МАМАН:
Қазіргі таңда ашық уай-фай желілеріне қосылу өте қауіпті.Себебі ашық уай-фай желілері арқылы сіз бүкіл деректеріңізді телефондағы болсын, компьютердегі болсын ұрлатып алуыңыз мүмкін. Бұл жерде карта мәліметтері де, сіздің жеке мәліметтеріңізде барлығы да қолды болып, сол адамның қолына өтеді.
Бұл қылмыспен күресте құзырлы органдар да қауқарсыза. Сондықтан қазір мамандар, алданып сан соққанша, алданбаудың жолын іздеген абзал дейді. Ал, алданып қалған жағдайда заңгер Шыңғыс Сейфулла полицияға бірнеше адам болып бірігіп арызданған дұрыс деп кеңес береді.
Шыңғыс СЕЙФУЛЛА, ЗАҢГЕР:
Сот шешім шығарып береді. Бірақ мәселе оның орындалуында. Енді ол практикамен дәлелденген алаяқтар ешқашан өз атына мүлік тіркемейді.Олардың табыс көздері жоқ.Сондықтан сот шешімі ол еш уақытта орындалмайды. Сондықтан оны қылмыстық жауапкершілікке тарту керек.
Қазір алаяқтар үшін қолхат, келісімшарт жазып беру түк те емес. Заң ол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартпайды. Сондықтан қолыңыздағы мұндай қағаздардың да сізге көмектесуі екіталай.
Интернет-алаяқтықпен күресте құзырлы министрлік жүйелі жұмыс жүргізудеміз дейді.
Рүстем ДЮСЕТАЕВ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ОРТАЛЫҒЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Министрлік интернет-алаяқтықтың алдын алу және ашу шараларын қабылдауда.Сақтық шаралары туралы халықты ақпараттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Байланыс операторларымен фрод-қоңырауларға қарсы іс-қимыл туралы меморандумдар жасалды.
Қулық-сұмдық, айлалы әрекеттерін үнемі жаңартып отыратын пысықайлардың алдау-арбауынан аулақ болу үшін мамандар тұрғындарға барынша сақ болған жөн дейді. Кез-келген күдікті қоңырау соққан адаммен ұзақ сөйлеспей, әр түрлі белгісіз жүктемелерді ашудан аулақ болған дұрыс.
Б. Сатуов