Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қостанайдағы садақ ату клубы мешіт ғимаратын паналап жүр

AstanaTV
17.11.2022ж. 20:00
3636
Қостанайдағы садақ ату клубы мешіт ғимаратын паналап жүр

Қорамсаққа қол салып, қол салғанда мол сала алмай... Қостанайда бір жыл бұрын ашылған дәстүрлі садақ ату клубы жабылудың алдында тұр. Ұлттық спорт мектебі уақытша мешіт ғимаратын паналауға мәжбүр. Өскелең буынды мергендікке баулитын өнер орталығына билік тарапынан қолдау қажет, дейді ата-аналар. Тығырыққа тірелген клуб жетекшісімен тілшіміз тілдесіп қайтты.

Клубты Аяулым Аппазова ашқан еді. Қаршадай қыз халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Садақ атудан ел чемпионы ұлттық спорттың Тобыл өңірінде өркендеуін көздейді. Айналасы бір жылдың ішінде оның шәкірттері республика чемпионатында орын иеленіп, құрамаға еніп үлгерді. Сол мергендерді дайындауға қолайлы орын болмай тұр.

Аяулым АППАЗОВА, «САҚ» КЛУБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Дәл қазір осы аренда мәселесі. Аренда Қостанайда қымбат. Қазір ойлх-ке кірсең 300 шаршы метр 1 миллион деп тұр.

Қазір садақ атуды 12 бала үйреніп жүр. Олардың ата-анасы төлейтін 10 мың теңге кейде жебені жаңалаудан артылмайды.

Гүлсім ЕСЕНГЕЛДИНА, АТА-АНА:

Екі ай қатысып жүр. Өте ұнайды. Бірақ осында жағдай. Өз орындары жоқ. Кішкен әкімдік көмектессе бізге.

Ұлттық мектеп бір жыл бойы көпқабатты үйдің жертөлесінде жаттығу өткізген. Ол жерді үнемі су басқан соң мешіт ғимаратын паналауға мәжбүр болыпты. Садақшылар өздеріне сай орын тапқанша құлшылық үйінің бір бұрышында жаттығады.

Бақытбек ТӘЖІМБЕТ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ:

Үш айдың көлемі болды. Біз өзіміздің ғимаратымызды көмек ретінде ешқандай төлемақысыз қарындасымызға бердік. Қабырғаға зиян бермейтіндей бір нәрсені ойлап, осы төменгі қабатта мешіттің асханасы толыққанды құрылыс біткенге дейін сол жерде тұра тұрсаңыз болады деп біз айттық. Уақытша ол да бірақ.

Өскелең буынды мергендікке баулитын клубтың жағдайын спорт басқармасы да біліп отыр. Басқарма ұлттық спорт түрін насихаттап жүрген Аяулым Аппазованы жұмысқа қабылдау және облыстық ұлттық спорт мектебіне садақ ату сабақтарын енгізу мәселесін қарастырып жатқанын жеткізді.

Елена КЕРЕЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз барлық себеп-салдарын, қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын анықтадық. Аяулым қазір оқып жатыр. Келесі жылы диплом алады.Сол кезде ұлттық спорт мектебіне жаттықтырушы ретінде жұмысқа қабылдауға дайынбыз.

Республикалық садақ ату федерациясының негізінде облыстық филиал құрылып, құжаттары түгенделді. Аяулым Аппазова келесі жылдан бастап бюджеттен қаражат бөлінер деген үмітте. Ол қандай қиындықтарға кездессе де Тобыл өңіріндегі жасөспірімдерді баба өнерге баулуды тоқтатпақ емес.

З. Санай