Кезектен тыс Президент сайлауына 641 халықаралық байқаушы аккредиттелді. Олар 10 халықаралық ұйым мен 35 мемлекеттен келді.
Байқаушы болу – үлкен жауапкершілік. Елге келген байқаушылардың басты мақсаты – сайлаудың әділ әрі ашық өтуін, барлық заңдылықтың сақталуын қатаң бақылау. Олар саяси шынайылық, бейтараптылық және ішкі іске араласпау ұстанымдарын басшылыққа алып, қызметін дербес әрі тәуелсіз жүргізеді.
Нұрлан ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Халықаралық бақылаушылардың қатысуы науқанның ашықтығы мен жариялылығына, мемлекет тарапынан халықаралық міндеттемелердің сақталуына ықпал ететінін тағы да атап өткім келеді.
Иә, халықаралық бақылаушылардың сайлауға қатысуы – еліміздің мемлекетаралық міндеттемелерге бейімділігіміздің, халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттермен сайлау саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруымыздың бірден бір дәлелі. Түркі мемлекеттері ұйымының байқаушылар миссиясы да сайлау барысын қадағалау үшін елге келді. Делегация құрамында Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан өкілдері бар.
Өмер КОДЖАМАН, ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазақстанда өтіп жатқан президент сайлауына байқаушы ретінде қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бұл саяси науқан елдің дамуына көмектесері анық. Ертең нәтижелерімізбен бөлісіп, пікір алмасамыз.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының миссиясы құрамында 18 байқаушы бар. Олар – ұйымға мүше мемлекеттердің заң шығарушылық, атқарушылық және сайлау органдарының өкілдері, ұйым хатшылығының лауазымды тұлғалары.
Чжан МИН, ШЫҰ МИССИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Миссиямызды әділ әрі адал атқаратын боламыз. Қазақстан халқын жарқын болашақ күтіп тұр деп есептейміз. Осыған орай Қазақстанның әділ, тиімді саяси процестерін қамтамасыз ету үшін бізге байланысты жайттың бәрін жасаймыз. Миссиямыздың барлық мүшелері Астана қаласы мен Ақмола облысының сайлау учаскелерін аралайды.
Ал ТМД-ның 8 елінен 174 байқаушы жұмыс істейді. 27 қазаннан бері олар мемлекеттік құрылымдардың өкілдерімен, сайлауды дайындау және өткізуге жауапты тұлғаларымен кездескен. Сондай-ақ, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінде болып, Орталық сайлау комиссиясымен, Бас прокуратурамен тығыз жұмыс істеген.
Сергей ЛЕБЕДЕВ, ТМД БАЙҚАУШЫЛАР МИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Байқаушылар Қазақстанның сайлау өткізу заңнамасын, сайлауға қатысты Конституциялық заңнаманы, тиісті кодектерді зерделеп шықты. Мұндай жақсы, сындарлы, күнделікті байланыс миссиямыздың байқаушылары алдында тұрған міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылданған сәттен-ақ ТМД Атқарушы комитеті де, сайлауды байқау жөніндегі жауапты адамдар бірден іске кірісіп кетті.
Осылайша, Президент сайлауына 10 халықаралық ұйым мен 35 мемлекеттен 600-ден астам байқаушы қатысуда. Байқаушылар мен сенім білдірген адамдар дауыс беру кезінде және оның қорытындысын шығаруға кедергі келтірместен фото, аудио және бейнежазбалар жасай алады. Ал қолданыстағы заңнаманы бұзған жағдайда сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеуден және оны тиісті учаскеден шығаруға құқылы.
А. Серік