$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Бүгін – халықаралық телевизия күні

AstanaTV
21.11.2022ж. 20:00
1108
Бүгін – халықаралық телевизия күні

Бүгін – Халықаралық телевизия күні. Көрерменге ақпаратты дер кезінде жеткізіп жүрген әріптестердің еңбегі ерен. Мерекеге орай арнамыздың тыныс-тіршілігімен тілшіміз таныстырады.

Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Көгілдір экраннан көрсетілетін әрбір бейнематериалды әзірлеу үшін бірнеше адам жұмылады. Әсіресе, әрбір көріністі қалт жібермей таспалау үшін телеоператорлардың кәсібилігі маңызды. Камера алдында тіршіліктің тынысын айтамыз, қоғамның өзекті мәселесін жеткіземіз.Көрерменге сапалы сюжет дәл осы жерде әзірленеді. Бейнемонтажерлар кадрларды кесіп, келістіреді. Дайын материал тексерістен өтіп, қалың көрерменге осы жерден эфирге жол тартады.

Жиырма тоғыз жылдық тарихы бар «Астана» телеарнасында әрбір бейнематериал осылай әзірленеді. Кадр сырты үнемі қарбаласқа толы. Сапалы дүние шығып, қалың көрерменге жеткенше тер төгетін қызметкерлер көп. Дыбысы, мәтіні, бейнесі, жарық барлығы талапқа сай болуы үшін тынымсыз еңбек етеді.

«Астана» телернасы ең алғаш «Цесна» деген атпен 1993 жылдың наурыз айында эфирге алғаш рет шықты. 2000 жылдың қараша айынан арнаның атауы «АсТВ» болып өзгерді. 2004 жылдың шілде айында арна маркасын өзгертті. Қазір арнамыз «Астана» атауымен қалың көрерменге таныс.

Бүгінде «Астана» телеарнасы тәулігіне 23 сағат хабар таратады. Жаңалық – арнамыздың жүрегі. Аймақтың түкпір-түкпірінен дер кезінде ақпарат тарататын тілшілер қосыны көбейді.

Тынымсыз еңбектің нәтижесінде арнамыздың тұрақты көрермендері қалыптасты. Республикалық арналар арасында рейтингі өсті.

Ел үшін маңызды мезеттерді арна тілшілері қалт жіберген емес. Күні кешегі кезектен тыс президент сайлауында да таңнан түнге дейін тоқтаусыз ақпарат таратты.

Жаңалық дайындау барысында бәрі сіз көріп жүргендей жеңіл емес. Тілшілеріміз түрлі кедергіге кездеседі, күтпеген жағдайға тап болады.

Телеарна – ақпараттың қайнаған ортасы. Әрбір әріптесіміз, қымбатты көрермен, сіздер үшін еш аянбай еңбек етеді.

Ә. Дүкембаева