$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодар тұрғыны әйелінің үстіне бензин құйып, өртеген

AstanaTV
25.11.2022ж. 20:00
1772
Павлодар тұрғыны әйелінің үстіне бензин құйып, өртеген

Павлодарда күйеуі әйелінің үстіне бензин құйып, өртеген. Жағаұстатар жағдай қаладағы көп қабатты үйлердің бірінде болды. Абырой болғанда әйел аман қалды. Ал ер адам жансақтау бөлімінде жатыр. Қаланы дүр сілкіндірген оқиғаның мән-жайын тілшіміз біліп келді.

Сұмдық оқиға түнгі уақытта болған. Ер адам үйіне өзімен бірге бір бөтелке бензин әкеліпті. Оны әйелінің үстіне құйып, от қойған. Жанармай оның үстіне де шашырап, екеуі де өртенген.

Инна, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

Ол бензинді бірінші еденге төкті, сосын жаға бастады. Мен қашып едім ол қолындағы жанармайды менің үстіме қарай шашты. Сөйтіп, үстімдегі киімдерім жана бастады. Сосын футболкамды шешіп, жуыну бөлмесіне қарай жүгірдім. Бөлмеден шықсам үйдің іші түтін болып кеткен. Бір уақытта балам менің шашым жанып жатқанын айтты.

Дәрігерлер екі науқастың да жағдайы ауыр екенін айтады. Ер адамның денесінің жартысы күйіп қалған.

Марат ҚАНЖЫҒАЛИН, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №1 АУРУХАНАНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Әйел күйік бөліміне түсті. Жағдайы қанағаттанарлық. Денесінің біраз бөлігін күйік шалған. Ал ер адамның жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр.

Өрттен 3 адам құтқарылды. Оның екеуі - бала.

Тілекжан ГАЛЯМОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ТЖ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өрт орнында техникалық сараптама мамандары жұмысын жасауда. Өрттің шығу себебі, қасақана өртеу. Істің мән-жайын Павлодар қаласының оңтүстік полиция бөлімшесіне жолдадық.

Әйеліне бензин құйып өртемек болған азаматқа қатысты адам өлтіруге оқталу бабымен іс қозғалды.

Әнел ҚАЗАНҒАПОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ОҢТҮСТІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ТЕРГЕУШІСІ:

ҚР Қылмыстық Кодексінің 24 бабы, 3 бөлігі, 99-бабы екінші бөлігі 6 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеур жүргізілуде.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Күйеуінің әйелін не себепті өртемек болғаны әзірге белгісіз. Оны полиция анықтайтын болады. Егер ол кінәлі деп танылса, 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ө. Қуанар