$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Батысқазақстандық музейде жәдігерлерді сақтайтын орын жоқ

AstanaTV
25.11.2022ж. 20:00
1829
Батысқазақстандық музейде жәдігерлерді сақтайтын орын жоқ

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде көне жәдігерлерді сақтайтын орын жоқ. Осының кесірінен ерте заманның куәсі - 200 мыңдай экспонаттың жартысы арнайы залға сыймай, қорда сақтауға мәжбүр. Олардың арасында археологиялық артефактілер де, қазақ халқының тарихынан сыр шертер баға жетпес қол өнер бұйымдары да бар.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Бұл тұрмыстық бұйымдар осыдан екі ғасыр бұрын қолданыста болған. Музей қызметкерлері бұл заттарды осылай бір-бірімен тығыз жинастырып қоюға мәжбүр. Өйткені қоймада бос орын жоқ. Музей талабы бойынша бұл бұйымдардың барлығы бөлек-бөлек орналасуы тиіс.

Гүлзада Бәкитова музейде 20 жылдан бері жұмыс істейді. Бірақ орын тапшылығы сол кезден бері әлі шешілмеген.

Гүлзада БӘКИТОВА, БҚО ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БАС ҚОР САҚТАУШЫСЫ:

Стяжкамен тартылып тұр. Жылдан-жылға отырып жатыр ғимарат. Сосын біз мынаны улаймыз тарақандардан сақтау үшін біз у әкеліп, улағанда бүкіл иіс жоғарыға шығады да, үстінде отырған кабинеттегі қыздар тұншығып, жұмыс істей алмайды, жөтеледі, кейбірінің ауырып қалатын кездері болады.

Ал бұл – әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың камзолы. Негізі мұндай киім арнайы сөреде бөлек тұруы тиіс. Қазақтың маңдайына біткен талай тұлға қазір тар тартпада жатыр.

Айжамал ӘБДІРАХМАНОВА, БҚО ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бұл қойма музейдің подвалында орналасқан. Бір жылдары қатты ауа райының әсерінен жаңбыр жауып, бұл қоймаға су кеткен де жылдар болған. Бірақ бір жақсысы ешқандай жәдігер зардап шеккен жоқ. Заттарды мұндай жағдайда сақтау өте қиынға соғады.

Музей қызметкерлері бояуы тез өшетін қағаз құжаттарды сканерлеуге кіріскен. Ал көне заттарды бұлай «цифрландыру» мүмкін емес. Мамандардың айтуынша, Оралда заман талабына сай жаңа, үлкен музей ғимараты салынуы тиіс. Ішінде келушілерге арналған дәмханасы мен қонақүйі де болуы керек. Бірақ жағдай шешілмесе, мұнда зат түгілі, хат қояр орын табылмауы мүмкін. .

Е. Карин