$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қостанай облысында екі отбасы далада қалды

AstanaTV
28.11.2022ж. 20:00
2167
Қостанай облысында екі отбасы далада қалды

Қостанай облысында қос пәтерлі баспана өртеніп, екі отбасы далада қалды. Қақаған суықта үйсіз қалған ауыл тұрғындары қайырымды жандардың қаржылай көмегіне мұқтаж. Әсіресе жас отбасының дүние-мүлкі, киім-кешегі, құжаттары түгел жанып кеткен.

Тілсіз жау Жарас Қабденнің үйінде тұтанған. Өрт шыққанда кезде үй иесі жұмыста,келіншегі ас беріп жатқан ағайынға көмектесуге кеткен. Баспанада шиеттей 4 бала ғана болған. 6 жастағы олардың үлкені терезені ашып алма кезек бауырларына ауа жұтқызып аман алып қалған көрінеді. Көк түтінді көре сала ауылдастар көмекке асыққанын айтады.

Жомарт КЕРШИН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылдың арғы шетінен келе жатқанда терезеден түтін шығып жатқанын көрдім. Бері қарай келсем ауылдың бір бала екі кішкентай сәбиді алып шығып жатыр екен.Сосын мен келдім де екі баланы тағы алып шықтым.

Жас отбасының дүние-мүлкі түгел отқа оранып, дымсыз қалды. Үй жөндеуге келмейді. Басқа баспана алуға қаражаты жоқ.

Жарас ҚАБДЕН,АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Балалардың құжаты, үйдің құжаты түгел жанып кетті. Үйді жөндеуге келмейді. Енді ел көмектесер деген үміттеміз.Қалай болады енді? Қыстың көзі қырауда.

Көп балалы ана Мейрамкүл Ержанова да көрші үйден шыққан өрттен зардап шекті. Қыс ортасында қиындыққа тап болған сегіз адам ағайын-туыстың үйін паналауға мәжбүр.

Мейрамкүл ЕРЖАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жаз болса әйтеуір мынан кептіріп бірдеңе қылар едік. Енді қыстың күні біз қайда барамыз.? Осы баспана ғана ғой. Басқа ештеңе сұрамаймыз.

Киров ауылындағы қиын жағдайды аудан басшылығы біліп отыр. Қолдан келгенше көмек көрсетіліп жатыр. Шаруа қожалықтары қарайласса, өрттен зардап шекекен отбасыларға үй алып беру жағын қарастырамыз, дейді ауылдық округ әкімі.

Меңдіғали ИБРАЕВ, ҚОСТАНАЙ АУДАНЫ, ЖДАНОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Әлеуметтік қорғау бөлімінен берілетін көмек әрине жеткіліксіз. Сондықтан ауыл тұрғындары көмектесіп, өздерінің көмектерін беріп жатыр. Бүкіл ауылдағы мекемелер өз көмектерін беріп жатыр. Енді осы ауылдағы шаруа қожалықтарының көмек беруін сұраймыз.

Өрт электр сымының қысқа тұйықталуынан шықты деген акті бар дейді ауыл әкімі. Қостанай облысында жылыту маусымы басталғалы осымен 67 үй отқа оранды. 5 адам қаза тапты. Мамандар өңір халқына өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауды ескертеді.

З. Санай