$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ішкі істер министрі азаматтарды қабылдады

AstanaTV
03.08.2016ж. 20:00
2922
Ішкі істер министрі азаматтарды қабылдады

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов азаматтарды қабылдады. Жеке мәселелерінің шешілуіне министрдің назарын аударғысы келгендердің қарасы қалың. Бүгін жиырма азамат министрмен жеке жүздесті. Ал өңірлердегі тұрғындар қабылдау бөлмесімен бейнебайланысқа шықты.

Қабылдауға келген жандардың мәселесі әрқилы. Бірі құқық қорғау органдарына шағым айта келген, енді бірі  қылмыскерлердің кесірінен баспанасыз қалған. Базынасын арқалай келгендердің қатарында пәтеріне қолы жетпей жүрген үлескерлер де бар. Тіпті алаяқ емшіден араша сұрай келгендерді де кезіктіресіз.

Министр Қалмұханбет Қасымов әрбір шағым иесімен жеке танысып, өтінішіне құлақ асты. Заң шеңберінде шешімін табуы тиіс мәселелер бойынша қоластындағыларға нақты тапсырмалар беріп, жеке қадағалауына алды. Ал министрлік пен қоғам арасында диалог алаңын  ұсынған «Нұр Отан» партиясы тапсырмалардың орындалуын қадағалайтын болады.

Қабылдауға келгендердің бірі Ғабиден Үсенов атасын осыдан екі жыл бұрын көлік қағып кеткенін айтады. Нәтижесінде қарт адам өміріне қауіп төндіретіндей жарақат алған. Енді үнемі дәрігерлердің бақылауында болуға мәжбүр. Ал кінәлілер жауапқа тартылмай отыр, - дейді азамат. Істің мән-жайымен танысқан министр, бұл мәселе бойынша тексеру жүргізуге тапсырма берді. 

Ғабиден Үсенов:

«Нұр Отанға» келіп отырмын, үміттенемін министр Қасымовқа жолыққаннан кейін іс алға басады деп.  Алдында мен прокуратураларға, Ақмола облысы, Целиноград аудандық прокуратурасына бардым, істі жандандырады, тергеуге барғаннан кейін дознание тоқтатып, бізді 2016 жылдың тамыз айына дейін жеттік. Бүгін екі-ақ ай уақытым қалды. Қыркүйектің 25-сі күні истечет срок давности.

«Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдауының жұмысы үздіксіз жүреді. Саяси ұйым мен халықтың арасындағы диалог алаңына екі күннен кейін Энергетика министрлігінің басшылығы келеді деп жоспарланып отыр. Оның қабылдауына еліміздің кез-келген азаматы алдын ала жазылу арқылы, белгіленген күні жеке мәселесімен кіруге құқылы.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ