Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

700 мың теңгеге көзіне пластикалық операция жасатқан әйел ел алдына шыға алмай жүр

AstanaTV
30.11.2022ж. 20:00
2772
700 мың теңгеге көзіне пластикалық операция жасатқан әйел ел алдына шыға алмай жүр

Артық қыламын деп, тыртық қылды. 700 мың теңгеге көзіне пластикалық операция жасатқан әйел ел алдына шыға алмай жүр. Себебі, тыртық бетінен ұялады. Елімізде осындай жасанды сұлулыққа жаны құмарлардың саны күннен-күнге артып барады. Араларында өңін өзгертемін деп өмірден өтіп кеткендер де бар. Мұндай отаға кімдер жүгінеді? Құлпырамын деп құрбан болғандар туралы тілшіміз Аружан Задабек айтады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазір пластикалық ота сәнге айналған. Қалтасында қаражаты барлар ұнамаған мүшесін ақшаға сатып ала алады. Тіпті, кейбірі қарызға батса да пластикалық отаға жүгінеді. Арасында ажарын кіргіземін деп ажал құшқандар да бар.

Кристина есімді бикеш осыдан 5 ай бұрын пластикалық операция жасатқан. Дәрігер арудың ажарын жөндеу үшін 700 мың теңге сұраған. Ақ халаттының “сұлу” боласын дегеніне сенген ол, кредит алып тәнін өзгертуге бел буыпты. Бірақ, қуыршақ боламын деп қалай құбыжыққа айналғанымды білмей қалдым -дейді.

Кристина:

Пластикалық хирург маған блефаропластика мен қасымның формасын өзгертуге кеңес берді. Мен келістім. Жасағаннан кейін қатты өкіндім. Адамдардың алдына шығуға ұяламын. Көпшілік жиналатын жерлерге мүлде бармаймын.Өйткені, мен қазір құбыжық сияқтымын.

Елімізде Кристина секілді құрбан болғандар жетерлік. Олардың барлығы бұл жағдайға дәрігерді кінәлайды. Ажарымыздан айырып, өмірімізді құртқан мамандар жазалануы керек – дейді. Ал, заңгерлер не дейді?

Ерқанат БЕЙСЕНОВ, АДВОКАТ:

Жеңіл немесе орташа жарақаттар болатын болса, ол әкімшілік жазаға тартылады. Айыппұл төлейді. Ал егер ауыр деңгейде зақым келетін болса, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Моральдық талап қоюына хақылары бар.

Косметологиялық операцияға баратындардың 70-80 проценті– қыз-келіншек. Ең көп сұраныстағы ота– блефаропластика. Оны «еуропалық қабақ синдромы» деп те атайды. Яғни, көзге қатпар салу. Сондай-ақ, құлақ пен мұрынның пішінін өзгертуге келетіндер көп.

Бекжан РАМАЗАН, ПЛАСТИКАЛЫҚ ХИРУРГ:

Ең басты біздің клиенттеріміз – әйел адамдар. 30-50 жас аралығындағы. Олардың негізгі шағымдары – жүктіліктен кейін өздерінің сұлулықтарын жоғалтып, қайтадан қалпына келтіруге, мысалы үшін кеуде жағын қалпына келтіруге ұмтылады. Былтырғы жылға қарағанда пациенттер саны бірталай өсті.

Сыртқы келбетті өзгерту ішкі арпалыстан туындайды. О баста, көркем келбетті қалайды, кейін жасатады, қызығады, сол қызығушылық әдетке айналады.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Көпшілікпен қайталау синдромы. Яғни егер де айналасындағы адамдар белгілі-бір өзгерістерге ие болатын болса немесе бір заттарды алатын болса, сыртқы келбетін өзгертетін болса адамда да санасыз түрде көпшіліктен қайталау синдромы жүзеге аса бастайды. Өзіне көңілі толмаса, ең бірінші ол – адамға деген өзінің сенімсіздігі байқалады. Және де ата-анасына реніші жоғары болатын болса, көбінесе адам өзін қабылдамайды.

Ал, пластикалық операция туралы шариғат не дейді?

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:

Адамның бойында туабітті немесе кейіннен пайда болған кемістіктерді, қалпына келтіру үшін емдеу мақсатында еріксіз (реконструктивтік) пластикалық ота жасауға рұқсат. Егер ерікті пластикалық ота табиғи бейнеден тыс жаратылысты өзгертуге алып барса, әрі айлакерлік, алдамшылық, көзбояушылық мақсат етілсе, онда оған рұқсат етілмейді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Әдемі болғысы келмейтін ару жоқ. Барлығы да мінсіз дене бітімін қалайды. Сол үшін пластикалық операцияға жүгінеді. Ал, сұлуланамын деп сұстанып кеткен арулар өз қателігін өзгелер жасамас үшін, өз сұлулығыңды сақта деп кеңес береді.

А. Задабек