Қызылордада сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстық істер бойынша 100 млн теңгеден астам қаражат өндіріліп, мемлекетке қайтарылды. Жауапты департамент өкілдері осылай деп мәлімдеді. Бүгін өңірде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және заң үстемдігі» атты форум өтті.
Сыбайлас жемқорлық қай елдің де болашағын бұлыңғыр етеді. Аймақта оның тамырына балта шабу мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатырмыз, дейді жауаптылар.
Сержан МЫРЗАЛЫ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Әр өңір бойынша сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерінің картасы әзірленді. Ол жөнінде халыққа маңызды және қазақша айтқанда, жүйкесін тоздырған мәселелердің барлығы кірген. 12 антикор моноторингі жасалды. Одан бөлек агенттіктің тарапымен 6 сытрқы тәуекелдік талдау жасалды. Әрине бұл жұмыс жалғастырылады.
Пара алушылардың жолын кесуге көмектескендерге 2 млн теңгеден аса сыйақы тағайындалған. Ал осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстарды үйлестіруге үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар форум барысында алғысқа бөленді.
Ләззат БАҚТЫБАЕВА, «ӘДІЛДІК ЖОЛЫ» РҚБ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл бүгінгі күнге дейін департаментпен сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы, алдын алу бағытында жасалған жұмыс үшін ұсынылған марапат деп білемін. Қазақ елінің дамуына кесірін тигізіп отырған бұл індетпен күрес барлығымызға міндет болып табылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру жолдары». Осындай тақырыппен Қоғамдық даму басқармасы жастар арасында байқау жариялаған болатын. Жоғарғы оқу орнының студенттері белсенді қатысты. Үздіктер осы форум аясында қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Гүлімжан ТЫНЫШТЫҚ, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ:
Сыбайлас жемқорлық қазіргі күн тәртібінен түспей тұрған маңызды мәселе деп ойлаймын. Және осы тұрғыда жастардың өзіндік үн қосып, оған қатысты шешуші механизм ұсынып, оны көркемдік шығармады көрсете білуі ұтымды жоба деп білемін. Әр адам сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды өзінен бастау керек деп ойлаймын.
Форум аясында аймақ жастарының Үндеуі оқылды. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
М. Тоқтасынқызы