Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

ШҚО эпидемиологтары ішек жұқпасы таралмау үшін бақша өнімдерін бақылауды қатаңдатты

AstanaTV
03.08.2016ж. 20:00
2740
ШҚО эпидемиологтары ішек жұқпасы таралмау үшін бақша өнімдерін бақылауды қатаңдатты

Шығысқазақстандық эпидемиологтар бақша өнімдерін саудалау ережелерін қатаңдатты. Бұл шара жұқпалы ішек ауруларының алдын алу үшін жасалған. Сауда-саттық жүргізілетін орындар белгіленіп, тиісті санитарлық құжаттардың тізімі дайындалды. Талапқа бағынбағандар қомақты айыппұл төлейтін болады.

Алайда, ретсіз саудамен айналысатындар азаяр емес. Қарбыз-қауынның саудасы тас жолдардың бойында қыза түскен. Дәрігерлер қауынның әлі пісе қоймағанын және кейбір пысықайлар өнімді нитратпен байытатынын ескертеді. Бұл жемістің көлемі мен салмағына әсер етеді. Адам денсаулығына да қауіпті. Сондықтан қауындар сатылымға шықпас бұрын арнайы зертханаларда тексерілуде. Содан кейін ғана өнімнің талапқа жауап беретінін растайтын санитарлық кітап беріледі.

Сауда нүктелеріне де қойылатын шарттар бар. Мәселен, күннен қорғанатын шатыры болуы керек. Өкінішке орай, көп жағдайда бұл талаптар орындалмайды. Осыны негізге алған эпидемиологтар іске мықтап кіріскен.

Михаил Дерябин, тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы:

Жұқпалы аурулар ауруханасына біреудің сырқаттанып түскені жайлы ақпарат алсақ, мамандар бірден тексеру жұмыстарына кіріседі. Сынама алынып, ол адамның бақша өнімдерін жеген-жемегені анықталады. Және қай жерден сатып алғанын білуге тырысамыз. Әрбір тұрғынның шағымы жеке қаралып, тексерілетін болады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ