$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Екібастұзда жылусыз қалған пәтерлердегі батереялер жарылып жатыр

AstanaTV
02.12.2022ж. 20:00
1917
Екібастұзда жылусыз қалған пәтерлердегі батереялер жарылып жатыр

Екібастұзда жылусыз қалған пәтерлердегі батереялер жарылып жатыр. Соның салдарынан үй іші суға толған. Көпшілігі баспанасын тастап, бас сауғалауға мәжбүр. Өйткені, бір аптадан бері қаладағы біршама үйде жылу жоқ. Ал қала билігі апаттың неден болғанын айып, алғашқы болжамдарын жариялады.

Нина Власова - 94 жаста. Жалғызбасты қария бір аптадан бері көрпеге оранып отыр. Үйінде не жылу, не су, не жарық жоқ.

Нина ВЛАСОВА, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ешкім келіп, көмек жасамады. Хәлімізді сұрап келген тірі жан жоқ. Өстіп жатып өліп қалмасын болды.

Ал Сайран Төлеутаевтың үйін су басқан. Бір жыл бұрын ғана пәтеріне күрделі жөндеу жасаған ол, енді не істерін білмей отыр.

Сайран ТӨЛЕУТАЕВ, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізде түні бойы свет болған жоқ осында. Мына батерялар бүтін болатын. Таңертең 8-де келгенімде, зал, кухня, жатын бөлмесі, спальный бәрі жарылған.

Қалада 1000-нан астам пәтер жарамсыз күйге түскен. Билік шығынды өтеп береміз деп отыр. Ал апатқа жылу орталығының қызметкерлері кінәлі екені анықталды.

Роман СКЛЯР, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті апатқа қатысты алдын ала тексеру жүргізді. Апат станциядағы қызметкердің қате әрекет жасауынан болған. Салдарынан желідегі қысым жоғарылап кеткендіктен, құбырлар жарылған. Бір сәтте құбыр 43 жерде ақау анықталды. Келесі күні тағы 30 жерден құбыр жарылды.

Екібастұз жылу электр орталығының бас акционері бүгін әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға үндеу жасады. Бірақ, халықтан кешірім сұрамады.

Александр КЛЕБАНОВ, «ОАЭК» АҚ АКЦИОНЕРІ:

Бұл жағдай өте өкінішті. Біз бірақ, халықтың шығынын өтеп беруге дайынбыз. Керек болса, уақытша болсын тұрғындарды санаторийге жібереміз.

Ал шаһарда әлі біршама үй жылусыз отыр. Оларға нақты қашан жылу берілері белгісіз. Бүгін -Екібастұз тұрғындарының дірдектеп отырғанына алтыншы күн.

Ө. Қуанар