$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Биыл қазақ анимациясына- 55 жыл

AstanaTV
06.12.2022ж. 20:00
2757
Биыл қазақ анимациясына- 55 жыл

Биыл қазақ анимациясына- 55 жыл. Осы уақыт ішінде 200-ге жуық отандық мультфильм түсірілген. Ол қандай туынды? Қазақ анимациясының қазіргі жағдайы қалай? Әріптесім Ақбота Базарбайдың бейнематериалы.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Қазақ даласына анимация ұғымы дәл осы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмімен келді. Бұл туындыға биыл - 55 жыл. Жарты ғасыр уақыт өтсе де, туындының берер тағылымы көп. Бала түгілі, ересектер де әлі қызыға көреді.

Одан кейін «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр», "Ер төстік және Айдаһар" сынды мультфильмдер жарық көрді. Араға бірнеше жыл салып, "Мұзбалақ" пен "Күлтегін" хикаялары анимациялық фильм түрінде шықты. 55 жылда көрерменнің есінде қалғаны- осы. Себебі, елімізде бұл сала кенжелеп қалған.

Берік ЖҮНІСБЕК, СЦЕНАРИСТ, СУРЕТШІ:

Жалпы анимацияны осы күнге дейін ешкім жөнді бағалаған жоқ. Бізде өзімізде анимацияға бөлек көзқарас болмай анимация көркемдеп өспейді. Элементарный бір нәрсе болу керек қой, бөлме жоқ. Кабинет жоқ, қалай сабақ береміз біз.

Бізде Walt Disney немесе "Маша мен аю" сияқты танымал, брендке айналған мультфильм неге жоқ? Әбдіқадыр Сабырдың айтуынша, елімізде бренд болатын туындыны жасайтын маман жетеді. Бірақ жұмыс істеуге кедергі келтіретін әрі шешілмей тұрған проблема көп дейді.

Әбдіқадыр САБЫР, АНИМАЦИЯ РЕЖИССЕРІ:

Мен айтпаймын бізде жақсы мультипликаторлар жоқ деп, өте көп. Бірақ соны ұйымдастыратын менеджмент керек. Мультфильмді біз тек балаларға арналған, тек қана балалардың тәрбиесіне арналған ғана жанр есебінде қарайтын болсақ онда біз қателесеміз, сол қателікті жіберіп жатырмыз да. Мультфильмге инвесторлар тартылатын болса, бұл басқаша сарында дамитын еді.

Қазақ анимация шығармашылық бірлестігінің жетекшісі тағы бір маңызды мәселені қозғады. Анимациялық туынды әзірлеуге аз ғана уақыт беріледі. Сөйте тұра, тапсырыс беруші жақсы өнім шығаруды талап етеді дейді.

Жәнібек ОРАЗАЛЫ, “ҚАЗАҚ АНИМАЦИЯ” ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Көктемде бюджетті беріп, декабрьде өнімді тапсыр деген заңдылық ол ақылға сыймайды. Яғни, уақыт тапшылығы. Егер уақыт берілетін болса, толық метражды анимациялық фильмдерге кемінде 2 жыл, 3 жыл уақыт берілсе міндетті түрде әлемдік нарыққа шығатын анимациялық фильмдер шығады.

Жарты ғасырдан астам уақытта екі жүзге жуық мультфильм түсіріліп, отыздан аса анимациялық студия өмірге келген. Келер жылы Қазақ анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдардың туғанына 100 жыл толады. Ғасырлық мерейтой қарсаңында «Әмен ағаның бәйтерегі» атты тағы бір отандық анимация түсіріліп жатыр.

А. Базарбай