Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Балалардың ойыншығы қорқынышты болып барады

AstanaTV
07.12.2022ж. 20:00
1711
Балалардың ойыншығы қорқынышты болып барады

Құбыжық қуыршақ. Қазір балалардың ойыншығының өзі қорқынышты болып барады. Мейрімді ата-әженің, күлімдеген қуыршақтың бейнесі жоқтың қасы. Керісінше, түрі түгілі атынан ат үркейтін Хаги Ваги, Киси Миси деп аталатын ойыншықтар көбейді. Бала психологиясын бұзатын қуыршақтың көбеюінің себебін әріптесім Дәрібек Бақытбекұлы анықтап көрді.

Дәрібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Дүкенге кірген балалардың назары бірден осы Хаги Ваги мен Киси Мисиге ауады. Әсіресе, тоғыз жасқа дейінгілер қатты қызығады екен. Құбыжықтың түрі ұсқынсыз. Не әсері барын қайдам? Бірақ балаларды баурап алып жатыр.

Түрі келіспесе де, қорқынышты ойыншықтың саудасы жүріп жатыр. Сатушы Динара соңғы кездері сұраныс тіпті артты деп отыр. Тауар дүкен сөресіне келгеннен кішкентай тұтынушылар таласып алады.

Динара АХМЕТҚЫЗЫ, САТУШЫ:

Бізде 1 жұмада, 2 жұмада бір тезде өтіп кетеді. Көбінесе балдар келіп алып кетеді. Бізден ата-аналарын алып келіп. Кейде балдары өтініш жасайды ата-анасына әкеп беріңізші деп. Сол әкеп беріңізші дегенде осы жерге безілдеп келеді іздеп хаги вагиларды.

Балалардың ойыншықпен ойнағаны құптарлық. Алайда, психологиясы бұзылмауы маңызды. Зұлымдықтың бейнесіне өздері енбеуі қажет. Соларға ұқсаймын деп ұсқынын кетіріп алмасын. Сондықтан психологтар баланың логикасын кеңейтіп қызығушылығын артыратын дүниелерге назар аударғаны дұрыс дейді.

Балабек САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:

Бұл ойыншықтар үнемі балалар ойнай ойнай кейде осындай жағымсыз кейіпкерлер олардың өзінің психасында жағымды кейіпкер ретінде образ қалыптастырады. Сондықтан да бұл қазіргі балаларда қорқынышты ойыншықтармен ойнау жасы келген кезде міндетті түрде негативті қарым қатынас ортаға олардың агрессиясын ашу ызасын эмоциясын ұстай алмау басқа адамдармен тез ренішке келіп қалу осы ойыншықтардың негізінен туындайды.

Ойыншық тек ойын құралы ғана емес. Ол баланың жетілуіне әсер етеді. Сондықтан әр ойыншыққа мамандар психологиялық зерттеулер жүргізген жөн. Сонда ғана өскелең ұрпақ дұрыс бағыт алмақ.

Д. Онласын