Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қостанайда республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарған оқушылар марапатталды

AstanaTV
09.12.2022ж. 20:00
1266
Қостанайда республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарған оқушылар марапатталды

Озат оқушы. Ұлағатты ұстаз. Қостанайда «Триумф» жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында 17 шәкіртке бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар «Үздік педагог - 2022» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарына 918 мың теңгенің сертификаттары берілді.

Астықты өлкеде жеңімпаз шәкірттер мен жүлдегер оқушыларды марапаттау дәстүрі он екі жылдан бері жалғасып келеді. Салтанатты шараға зияткерлік, шығармашылық, спорттық жарыстарда топ жарған талантты оқушылар шақырылды. Ыбырай мектебінің шәкірті Жансұлу Жақсымбетова пікір-сайыс додаларына қатысып, үздік атанған. Ол өз жетістігін өзге өрендерге баяндап берді.

Жансұлу ЖАҚСЫМБЕТОВА, Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ ОҚУШЫСЫ:

Пікір –сайыспен белсенді айналысамын. Мен түрлі деңгейдегі облыстық және республикалық деңгейдегі турнирге қатысамын. 2021 жылы тәуелсіздігіміздің 30 –жылдығына арналған ұлттық турнир өтті. Сол жерден мен әлеуметтік желідегі үздік деген номинацияны иелендім.

«Үздік педагог-2022» байқауы нағыз ұстаздар бақ сынайтын байқау. Оның облыстық кезеңіне 6 мұғалім өтті. Ал республикалық кезеңде қос мектеп ұстазы мен екі колледж оқытушысы жеңімпаз атанды. 26 жыл ұстаздық еткен Гүлмира Мұхамеджанқызы бұл атақтың жауапкершілігі зор, жүгі ауыр екенін айтады.

Гүлмира ТАСАНОВА, «ҮЗДІК ПЕДАГОГ-2022» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Шыны керек биыл бірінші рет қатыстым. Осыған дейін де ұсыныстар болды. Бірақ жаңағы «Үздік педагог» байқауы болғандықтан, аты да салмақты болғаннан кейін кішкене тәжірибені біраз жинап алып, өзімнің кәсіби шеберлігімді шыңдап алып қатысуға жөн көрдім.

Зәуре БӘЙМЕНОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Әрбір оқушының жеткен жетістігі – ұстаздың ерен еңбегі. Сондықтан бүгін шәкірттер мен қатар олардың мұғалімдерін, бапкерлерін де марапаттап жатырмыз. Әрқайсысына облыс әкімінің алғыс хаты мен сыйлықтар табысталды.

Қостанай - Ұлы ағартушы Ыбырай қоңырау соққан ұстаздар мекені. Тұңғыш педогог тәлімін сабақтаған өрелі мұғалімдер, саналы һәм білімді өрендер өңкей жүлдемен оралып, өлкенің даңқын асқақтатып келеді.

З. Санай