$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Қазақстандықтар табысының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды

AstanaTV
12.12.2022ж. 20:00
1231
Қазақстандықтар табысының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды

Қазақстандықтар табысының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды. Ал тамақ күннен күнге қымбаттап барады. Амал жоқ, кейбіреулер ет пен балықтан,сондай-ақ жеміс-жидектен бас тартуға мәжбүр. Өңірде жалақы да мардымсыз. 100 мың теңге айлық алатындар қалай өмір сүріп жатыр? Аймақтардағы тілшілеріміз халықпен пікірлесті.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Шымкенттіктер биылғы жылдың үшінші тоқсанында табысының 52,1 процентін азық-түлікке жұмсаған. Бұл - Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің дерегі. Мегаполис тұрғындары ең көп қаражатты ет пен ет өнімдеріне жұмсаған.

Отбасы кірісінің 9,3 проценті нан өнімдеріне жұмсалса, одан кейінгі орында сүт өнімдері. Май, қант, тәттілерді де жұрт көп тұтынады. Ал балық өнімдері мен жеміс-жидекті аз сатып алатын болған.

Қанатбек ТОҚБЕРГЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазір «су» ғой, битесің қолын шертеді жүз мың теңгесі жоқ боп кетеді. Анау жегісі келеді бала-шаға, білесіз ғой..мынау жегісі келеді, мандарин жегісі келеді...Міне, бір мандаринді қалтама салып әкетіп бара жатырмын балама. Төртеуін алсам мыңнан асып кетейн деп тұр, неғылам мен өтірік айтып. Біреуін әкетіп бара жатырмын қалтама салып. Кішкентай балама міне – шоколад.

Жәмила ӨТЕЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Тапқанымыздың бәрі ішіп жеумен кетеді. Күнде келесің, сүті бар, памперсі бар балалардың, тамағы бар дегендей. Сол ғой енді тіршілік. Жоқ дегенде кемінде 10 мың кетеді. Жоқ кеткеннің өзінде. Ал балаларың айлықтары 100-150 мың, не болады.

2 келі ұн шамамен 700-850 теңге тұрады. 1 литр сұйық май - 900 -1100 теңге. Күріштің келісі орташа - 500 теңгеден сатылып жатыр. Азық-түліктен бөлек, пәтер ақы, коммуналдық төлем тағы бар.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Басқа өңірлермен салыстырғанда арзаншылық саналатын Шымкенттің өзінде күнкөріс қиындап кеткен. Тапқаны тамақтан артылмағасын халық қосымша жұмыс істеп амалдап жатқандарын айтады. Әрі қарай Оралдағы әріптесім Еркін Карин жалғастырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Оралда да инфляция ертегінің батырларындай ай санап өсіп барады. Осының салдарынан әлеуметтік маңызы бар тауар атаулы қымбаттап жатыр. Тіпті кейбір өнімнің бағасы 100 процентке өскен.

Тапқанын қапқанына жеткізе алмай жүрген тұрғындар да бағаның бұғауға келмейтінін айтып өкпелі. Өйткені жалақы мен зейнетақының жартысынан астамы ішім-жемге кетеді. Сондықтан, ет пен түрлі деликатестен бас тартуға тура келген.

БЛИЦ:

- Жалақыға я конечно не прожила бы при нынешних ценах. Где-то 200 мың точно кетеді тамаққа.

- Бәрі қымбат. Өте қиын тұруға. Зарплата өспейді.

- Комуслуга бәрі қымбат. Тамақ та қымбаттап жатыр. Болар-болмас зарплатамен өмір сүріп жатырмыз ғой.

Бағаны қадағалаушы мамандар да инфляцияның ай санап өсетінін жасырмайды. Өйткені тауар түгелдей дерлік сырттан тасымалданады.

Райхан ХАЙРУЛЛИНА, БҚО СТАТИСТИКА ДЕПАРТАМЕНТІ БАҒА СТАТИСТИКАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

2022-жылғы қаңтар-қарашада облысымыздағы инфляция 18,1% өсті. Бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен 1,5% жоғары. Азық-түлік тауарларының бағасы 22,2% өсті.

Сонымен қатар азық-түлікке жұмсалатын қаржының үлесі жыл сайын артып келеді. Жыл басынан бері жемістер мен көкөністер 7, балық 21 процентке өскен. Ет пен сүт те еселеп қымбаттапты. Ал жазда елді әбігерге салған қант керісінше 8% арзандаған.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Тұрғындардың айтуынша, азық-түлік атаулы әр мерекеге қарсы қымбаттайды. Сондықтан ертерек қамдануға тура келеді дейді. Жергілікті әкімдік бағаны негізсіз көтерген кәсіпкерлерге әкімшілік шара қолданамыз деп отыр. Ал Астанадағы ахуалды әріптесім Асел Дүкембаева айтады.

Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Астана қаласының тұрғындары да азық-түлікке көп ақша жұмсайды. Бәрі қымбат, жалақының жартысы тамаққа кетеді дейді жұртшылық.

БЛИЦ:

- 168 мың теңге аламын, екі күнде соның тең жартысына азық түлік алдым. Оның үстіне алдымызда мереке келе жатыр.

- Айлығымның 50 процентін жұмсаймын. Шамамен 80 мың аламын. 60 мыңы тамаққа кетеді. Қалғанына несие төлеймін.

- 70 процент. Қымбатшылық қазір барлық нәрсе. Кредит басқа бар, әйтеуір кетеді ғой.

Қазақстан рейтингте көш бастап тұр. Тізімде бізге жақын тұрған елдер арасында Молдова – 41,9%, Солтүстік Македония – 37,8%, Беларусь – 37,6% және Болгария – 35,5% бар. Барлығы 39 ел. Ал отбасы бюджетіндегі азық-түлікке жұмсалатын шығынның ең аз үлесі Люксембург тұрғындарына тиесілі. Ондағылар тапқан ақшасының аз ғана бөлігін ішіп- жемге жұмсайтын көрінеді.

Бақытжан ОМАРБЕКОВ, ЭКОНОМИСТ:

Азық-түлікті кредитке алық жатырмыз дейді ғой. Бұл өте қорқатын көрсеткіш. Себебі егер адамдар азық түлігіне ақшасы жетпей жатса, басқа өзінің қажеттіліктеріне ол ақша қайдан табады деген сөз ғой. 15-20 процент, максимум 30 пайыз осындай азық-түлікке жаратса ол енді идеальный көрсеткіш. Адамдардың табысын көтеру, бірақ бізде заңды түрде зарплатаны көтерсе, азық-түлік бағасы да көтеріледі.

Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Қазақстан халқының көпшілігі нақты кірісті ең қажетті тауарлар мен қызметтерге, соның ішінде ең алдымен азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Ал бұл халықтың ақша жинап, жағдай түзеуіне мүмкіндік бермейді дейді сарапшылар.

Ә. Дүкембаева