Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Астанада мемлекеттік бағдарлама аясында салынған көпқабатты үй сын көтермейді

AstanaTV
13.12.2022ж. 20:00
1873
Астанада мемлекеттік бағдарлама аясында салынған көпқабатты үй сын көтермейді

Астанада мемлекеттік бағдарлама аясында салынған көпқабатты үй сын көтермейді. Пайдалануға берілгеніне 1 жыл да болмаған баспана алқам-салқам күйде. Тұрғындар мәселені айтып, талай табылдырықты тоздырған. Алайда мардымды жауап жоқ дейді. Жұртшылықтың жаңайқайын тілшіміз Дәрібек Бахытбек тыңдады.

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Үйлі болдық деп қуанғандардың көңілі су сепкендей басылды. Себебі қабырғаның шұрық тесігінен ызғар азынап тұр. Тіпті тұрғындардың айтуынша үйді жылыту үшін мынау кәсіби көбіктің көмегіне жүгінетін көрінеді.

Мұсаев Жәнібек бұл пәтерді алу үшін 16 жыл кезекте тұрған. Алайда таңдаған үй тазға жолықтырды. Себебі пәтердің қабырғалары жылу жүйелерімен қапталмаған. Ол аздай кірпіштері дұрыс қаланбаған, әр кем кетігін түзей беріп құрылысшы болдық дейді.

Жәнібек МҰСАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз құрылысшы емеспіз ананың бәрін зерттей беріп құрылысшы болып кеттік біз қазір. Солай істелмегеннен кейін полдың ішінің бәрінде жел гулеп жүр. Қабырғаның ішінде жел гулеп жүр. Үй апаттық жағдайда. Бізді шұғыл арада көшіру керек.

Салтанат Ибадуллаева да әр күнін үреймен өткізеді. Оның айтуынша үйде жеңіл киім киіп жүру мүмкін емес. Үйдің суығы мен шыжығы шаршатты дейді.

Салтанат ИБАДУЛЛАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

15 жыл күттім осы пәтерді, сондағы берекесіне отырып бала-шағамыздың қызығын көреміз дегенде үйдің сиқы осы. Сол біздің мәселеміз, менікі ғана емес, барлық тұрғындардың мәселелесі басқа ЖК дан орын берсін.

Атқамінерлер бұдан хабардар. Көп ұзамай мәселе шешіледі дейді.

Марат ӘБДІРАХМАНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТҰРҒЫН ҮЙ КОМПАНИЯСЫ» ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІКТІ БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Құрылысты салған компания анықталған кемшіліктермен толық келісіп отыр. Оларды жою туралы тапсырма берілді. Қазір қабырғаларды оқшаулау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірнеше бригада жұмыс істейтін болады. Желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Тұрғындар бұл іс жүзінде орындалатынына үмітті.

Д. Оңласын