Қант
бағасының шарықтауы өнімді сауда орталықтарына дейін жеткізетін делдалдардың
ісі болуы мүмкін. "Астана" арнасының тілшілеріне сұхбат берген елордадағы коммуналдық базар әкімшілігінің қызметкерлері
осындай пікірімен бөлісті. Қазір сауда орындарында қанттың бағасы келісіне 300
теңге деңгейінде тұрақтаған. Халық ең көп келетін қаладағы коммуналдық базарға
күніне 2 тонна құмшекер жеткізіледі. Тапшылық жоқ, - дейді саудагерлер.
Разыбек
Раев, коммуналдық базардың әкімшілік қызметкері:
Көтеріліп
отырған себебі - поставщиктердің істері ғой. Енді солар, әрбір жерде әрқалай. Қазіргі
науқан -варенье пісіру керек, соған қарай. Қант, әрине, Қазақстан бойынша
жетіспейтіндігі белгілі болып тұр. Көбінесе біз 60 пайызына дейін шеттен аламыз
ғой. Биыл енді қан зауыттары жұмыс жасады, келесі жылы толық қамтамасыз ететін
шығар.
Жыл сайын дәл осы уақытта жеміс-жидек қайнатып, тосап жабатындар, биыл оның
мөлшерін азайтуға мәжбүрміз, дейді. Гүлжан Құдайбергенова жылдағы қалыптасқан
әдеті бойынша биыл да тосап қайнатуды жоспарлаған. Бірақ ұқыпты үйбике
амалсыздан қант бағасының аз да болса төмендеуін күтіп жүргенін айтады.
Гүлжан
Құдайбергенова, Астана қаласының тұрғыны:
Біздің
жеміс-жидектердің бағасы арзандау, бірақ қант қымбат. Дәлі осы керек кезде
қантқа баға қымбат.
«Егер
қант бағасының көтерілуі қолдан жасалғаны дәлелденсе, кінәлілер жазаға
тартылады». Өткен аптада Ұлттық экономика министрлігі өкілдері осылай деп
мәлімдеген-ді. Тексеру шаралары әлі де жалғасып жатқан көрінеді.
Ал
«ҚазАгроМаркетинг» акционерлік қоғамының бізге ұсынған ақпаратына сәйкес,
шілденің 12-сінен бастап айдың соңына дейін бөлшек және көтерме саудада қант
құны республика бойынша 8 пайызға қымбаттаған. Ұсынылған ақпаратта орташа баға
280 теңге делінгенімен, Павлодар облысы әлі де рекордты көрсеткіш орнатуда.
Онда шекердің келісі 320 теңге.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ