Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру тәртібі өзгерді

AstanaTV
15.12.2022ж. 20:00
2239
Шетелдік автокөліктерді заңдастыру тәртібі өзгерді

Шетелдік көліктерді 6 ай ішінде заңдастыруға болады. Төленетін алым 200 мың теңгеден аспайды. Ішкі істер министрлігі көліктерге қатысты Үкімет қаулысының жобасын дайындады. Тіркеуге қандай көліктер ілікпейді? Бұл автобизнес нарығына қалай әсер етеді? Әріптесім Аружан Ғалымжанқызы тарқатады.

Шетелден келетін көліктерді бастапқы тіркеу үшін төленетін алым 200 мың теңге деп белгіленді. Заңдастыруға 6 ай берілмек. Ал, Экологиялық кодекстегі түзету бойынша утильдік алым алынып тасталмақ. Бүгінде елімізде заңдастыруға жататын автокөліктердің саны 300 мыңнан асады.

Ең көбі Ресейден - 260 мың, Қырғызстаннан – 25,5 мың және Армениядан – 18 мың көлік келген. Оның ішінде рулі оң жақтағы көліктердің саны 20 мыңнан асады. Оларды да жеңілдікпен заңдастыруға мүмкіндік берілген.

Қайсар СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Әрине, рулі оң жақтағы автокөліктер жүргізушілерінің жол жүру қауіпсіздігін сақтауында біраз мәселе бар. Ондай көлік әкелгендер де Қазақстанның азаматы, біздің халық қой. Олардың қаржылық жағдайы мәз емес. Такси ретінде пайдаланып, отбасын сол көлікпен асырайды. Сондықтан, сол кісілердің жағдайына түсіністікпен қарап, бір мезгілдік рұқсат берілейін деп отыр.

Аружан ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Көлігіңізді заңдастырамын десеңіз, 3 талап қойылады. Бастысы, автокөлігіңіз іздеуде болмауы керек. Кедендік тазартудан өтуі тиіс. Және ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек. Көліктің жылына және экологиялық класына ешқандай талаптар қойылмайды. Қанша көлік заңдастырамын десеңіз де, өз еркіңіз. Ең бастысы - Қазақстан Республикасының азаматы болуыңыз керек.

Заңдастырылмаған көлік елден шығарылады. Болмаса бөлшектеп сатып жіберуге болады.

Қайсар СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Кіру күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының деректер базасы бойынша айқындалады. Бүгінде ол процесс толығымен автоматтандырылған.

Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына жеке өтініш жасау арқылы беруге болады. Тіркеуден кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт пен мемлекеттік нөмір беріледі. Қажетті заңнамалық өзгерістер күшіне енгеннен кейін және тиісті Үкімет қаулысы қабылданғаннан кейін заңдастыру басталады. Бұл шашамен жарты жылдың көлемінде жүзеге асады.

А. Серік