Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Елімізде электр желілерінің 66 проценті тозығы жеткен

AstanaTV
20.12.2022ж. 20:00
1140
Елімізде электр желілерінің 66 проценті тозығы жеткен

Елімізде электр желілерінің 66 проценті тозығы жеткен. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында айтты. Ал кейбір қалаларда бұл көрсеткіш 80 пайызды құрайды. Сондықтан тұрғындар қуаты төмен жарықпен амалдап күн көруге мәжбүр. Қызылордадағы Ақсуат ауылдық округінің тұрғындары да осындай күй кешіп отыр. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Мұнда тұрғындардың алғашқылары 5-6 жыл бұрын қоныстанған. Сол кездері қалталарынан ақша шығарып, электр жарығын өз күштерімен тартып алған. Дегенмен, жарық бар деген аты ғана дейді. Себебі жел тұрып, жауын жауса өшіп қалады.

Жұлдыз ЕСБЕРГЕНОВА, ТҰРҒЫН:

Тоқтарымыз мынау ғой, кейде мынау салбырап түсіп кетеді. Балаларымыз асылып қалады ма, ұстап алады ма деп қорқамыз. Жарықтарымызды жөндеу керек. Жарық керек бізге. Кейді 80 вольт болады бұл жерде. 220 болу керек қой негізі. Ұялы телефонымыздың өзі заряд алмайды ғой. Тоңазытқышымыз бәрі күйіп кетті, сарайда тұр бәрі. Я пешті пайдалана алмаймыз. Нан пісіре алмаймыз.

Мұндай мәселенің барын жауапты министрлік те жасырмайды. Айтуларынша, Қызылорда, Кентау, Тараз қалаларында электр желілерінің 80 процентінің тозығы жеткен. Ал еліміздегі тоқтан шығатын ақау былтырғымен салыстырғанда 5 процентке артқан. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар шұғыл жүйелік шараларды қабылдау қажет дейді министр.

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Бірінші, бөлінген жер учаскелерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екіншісі, иесіз электр желілерін анықтау және оларды коммуналдық меншікке қабылдау. Құқық белгілейтін құжаттарды рәсімдеу және осы объектілерді энергия беруші ұйымдардың теңгеріне одан әрі беру.

Еліміздегі электр энергиясымен қамтамасыз ететін орталықтардың 76 проценті ескірген. Олардың жарамдылық мерзімі 60 жыл болса, алдыңығылары жарты ғасыр бұрын салынған. Сонымен қатар, білікті мамандардың тапшылығы да саладағы үлкен мәселеге айналып отыр.

М. Тоқтасынқызы