Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Туристік салық енгізілгені дұрыс па?

AstanaTV
20.12.2022ж. 20:00
1070
Туристік салық енгізілгені дұрыс па?

Дамыған елдер туристерге салық салады. Одан түскен қаржыны демалушыларға ыңғайлы болуы үшін инфрақұрылымды дұрыстап, қызмет көрсету сапасын арттырады. Ал Қазақстанда жаппай туристік салық енгізілуі әзірге екіталай. Бір өңір мұны қос қолдап қолдаса, енді бірі туристер ағыны азайды деп сескенеді. Туристік салық туралы тілшілеріміз тарқатады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қызылжарда туристік салық енгізілмейтін болды. Қоғамдық кеңес бұл бастамадан бас тартты. Шетелдік қонақтардан арнайы ақы алу мәселесін бастапқыда жергілікті мәслихат қарастырған. Себебі былтырғы жылмен салыстырғанда аймақта туристтердің саны екі есе көбейіп, шамамен үш мыңнан асып түскен.

Оң статистиканы негізге алған депутаттар туристтік салықты 5 пайызға дейін көтеру керек деген шешім қабылдады. Алайда, шаһар азаматтары басқа пікірді ұстанып отыр. Олардың айтуынша, тың бастама аймақтағы туризм әлеуетін әлсіретіп жібереді. Сондықтан салықтың жаңа түрін олар қабылдамай қойған.

Сайран ХАМЗИН, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ:

Бізге шетелден келетін азаматтар жұмыс барысымен немесе туысқандарына қонаққа келеді. Мұнда туристер ағылу үшін жағдай жасау керек. Туристердің қызығушылығын оятатын орындар ашу қажет. Ал біз керісінше салық салып, олардың ынтасын түсіреміз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Аймақ белсенділерінің пайымдауынша, егер жыл сайын туристердің саны 25 мыңнан асса, онда бұл мәселе қайта көтерілмек. Ал Алматыда кересінше, салықты енгізу бастамасын қолдап отыр екен. Ол бюджетке қаншалықты табыс әкелуі мүмкін? Бұл жайында әріптесім Әйгерім Пернебек айтады.

Әйгерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Иә, Абзал. Алматыда туристерге салық енгізілетін болды. Жаңа жылдан басталады. Алматы еліміздегі ең көп турист келетін аймақ. Сондықтан қонақтар 5 процент мөлшерінде жарна алынады. Бұл қазынаға түсетін қаржыны көбейтеді.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2021 жылдың екінші жартысында тек Алматыдағы туристік орындарында 54 238 адамға, 2022 жылдың екінші тоқсанында 151 467 адамға қызмет көрсетілді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Дұрыс деп ойлаймын, енді біздің мемлекетке де пайда болу керек қой. Азаймайтын шығара енді егер адам демалам, қыдырамын, әлемді көремін десе ештенке тоқтатпайды деп ойлаймын.

- Бір жағынан қуантады, көбейгені жақсы ғой туристердің. Неғұрлым біздің қаншама көретін жерлеріміз, табиғатымыз қандай, қуантады ғой.

- Ал ол бүкіл дүние жүзінде бәрінде бар. Дұрыс шығар ол, салу керек әрине салық. Ол салық ол гостиницаның жұмыс істейтіндерінен алынбайды, келген адам төлеу керек қой. Бір жағынан енді дұрыс, үкімет үшін, но турпоток азайып қалуы мүмкін.

Алматы қаласы туристердің нағыз ошағы. Жылдың қай мегілі болсын шетелдік қонақтардың ағымы көп. Туристік жарна - халықаралық туристік нарықта бұрыннан келе жатқан жоба. Қазақстан да осы жаңашыл жолмен жүріп көрмек.

Жібек ҚАРАМАНОВА, ҚОНАҚ ҮЙ ИЕСІ:

Қонақ үйімізге келушілердің саны 50 процентке артты. Бұл салық салу жүйесінің қалай жұмыс жасайтынын анықтап алу керек. Яғни, іс жүзінде қалай болады. Егер сол алынған қаражат мақсатты мекемелерге, яғни сол қонақүйлердің дамуына, туризмнің дамуына жұмсалса біз әрине қуаныштымыз.

Әйгерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Туризм арқылы табыс тауып отырған ел көп. Тұмса табиғатымыз, көрікті жерлеріміз жетерлік. Яғни, мүмкіндік бар. Тарихи жерлерімен де қызықтырып отырғандар бар. Осы мақсатта Түркістанды түрлендірудеміз. Туристер қаншалықты жиі барып жатыр? Бұл туралы әріптесім Айзада Төребекқызынан білсек.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Түркістанға келген қонақ еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентке соқпай кетпейді. Қос қалаға қыдырып келушілер толастаған емес. Келер жылдан бастап Шымкент пен Түркістан облысына келген шетелдік қонақтар да туристік жарна төлеуі мүмкін. Оның мөлшері және енгізілу, енгізілмеуі әзірге анық емес. Дәл қазіргі уақытта қаралу сатысында.

Жалпы Шымкентте туризм саласы қарқынды дамып келеді. Мегаполиске сырттан келушілер қарасы да жылдағыдан едәуір артқан. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мамандарының мәліметінше, өткен жылдың тоғыз айындағы көрсеткіш 131 процентке артқан. Шырайлы шаһарға ағылған туристердің басым бөлігі ТМД елдері аумағынан.

Ғазиза ҮСЕНҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ қ. ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БАСҚАРМАСЫ ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Қаламызға келген туристеріміздің көбіне қызығатын жерлері гастрономия, тарихи, мәдени нысандарымызды көруге қызығады. Шетелдік келіп жатқан туристердің басым көпшілігі біздің қазақ халқының салт-дәстүріне, мәдениетіне қызығады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Шымкент пен Түркістанға шетелдіктерді қызықтыру мақсатында көптеген іс-шаралар өткізілуде. Мәселен, Түркістан облысында Халықаралық «Этноподиум», «Melonfest» фестивалі, «Тайқазан» гастрофестивалі сынды іс-шараларды ұйымдастырылмақ. Туристік салық енгізілуін құптап отырғандар көп.

А. Құрманкин