Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Атыраулықтар жылуға жеке есептегішпен төлеуді талап етіп отыр

AstanaTV
22.12.2022ж. 20:00
2030
Атыраулықтар жылуға жеке есептегішпен төлеуді талап етіп отыр

Келер жылы коммуналдық қызмет ақысы кымбаттайды. Өңірлердегі табиғи монополия субъектілері тарифтерді көтеруді сұрап отыр. Бұл инфрақұрылымды жаңарту үшін қажет дейді мамандар. Ал тұрғындар наразы. Айлығы шайлығынан, зейнетақысы дәрі-дәрмегінен артылмайтын айтып, ренжиді. Аймақтардағы тілшілеріміз толығырақ тартқатады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Атырауда келер жылы ауыз су тарифы 2,2 , ал кәріз суы төлемі 5 жарым есеге қымбаттауы мүмкін. «Атырау облысы Су Арнасы» мекемесі табиғи монополияларды реттеу департаментіне алдағы 5 жылға тарифты біртіндеп көтеруге өтінім тастаған. КСМ: Департамент бұл сұранысты қанағаттандырса, онсыз да күн көрісі төмен қарашаның қалтасы қағылады. Дәл қазір ауыз судың 1 текше метрі - 78 теңге 26 тиын. 5 жылдан соң Атырау облысы Су арнасы әр текше метр су үшін 202 теңге 46 тиын алудан дәмелі.

БЛИЦ:

- Біз зейнеткерлерміз, алатынымыз өте аз, егер коммуналдық төлемді тағы да қымбаттатса, тіпті дымсыз қаламыз ғой. Қазір азық-түлік те қымбат, әрі қарай қалай өмір сүреміз білмеймін. 80 мың зейнетақымның 25 мыңы кетеді коммуналдық төлемге.

- Онсыз да бәрі өте қымбат. Тарифты көтермесін. Зейнеткерлер не істейміз сонда? Дәрілердің өзінен түк қалмайды. Міне, тек етсіз сүйек алып келе жатырмын.

Атыраулықтардың 2020 жылы бес жылға бекітіліп кеткен жылу тарифына да шағымы бар. Монополист мекеме қаладағы жеке есептегіш орнатқан пәтерлердің төлемін дара есептеуден бас тартқан. Олар пәтерлерді жалпыүйлік есептегіштің бар және жоғын назарға алып отыр. Нәтижесінде тұрғындар пайдаланбаған жылу үшін ақша төлеуге мәжбүр.

Еркебұлан ТАҒАШЕВ, «ҚАРА ШАҢЫРАҚ ҚАЗАҚСТАН» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЗАҢГЕРІ:

ТЭЦ оңай жолын тауып алды. Табиғи монополияларды реттеу департаменті бар, солар бізге тарифты бекітіп берген жоқ деп соларға сілтеп отыр. Енді солар бізге бекітіп берсе, біз әрине есептейміз дейді. Енді олар алды да 2025 жылға дейін тарифты бекітіп тастағаннан кейін ешкім оны өзгерткісі келмей тұр.

Қалада 250 тұрғын пәтеріне жеке есептегіш орнатқан. Алайда бекітілген тариф болмағандықтан пайдаланған жылуға шамамен 30 пайызға артық төлеуге мәжбүр. Сондықтан қоғамдық ұйым өкілдері тиісті мемлекеттік органдар арқылы тариф бекітуге қол жеткіземіз,- деп отыр. Ал Оралда жағдай қалай? Әріптесім Еркін Карин жеткізеді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Оралда тариф бағасы келер жылы да өзгеріссіз қалатын болды. Өйткені облыс орталығын сумен, жылумен, газбен және электр қуатымен қамтитын мекемелерден өтінім түспеген.

Бір қызығы, коммуналдық мекемелердің қарызы жыл санап көбеймесе, азаяр емес. Мысалы, қалалық жылу орталығының көгілдір отынға берешегі 280 миллион теңге. Ал сумен қамтушы кәсіпорынның борышы 1 миллиард теңгеден асып кеткен. Осының кесірінен желіні жөндеу, жаңарту жұмыстары мардымсыз.

Асқар ҒАЙСИН, «БАТЫС ҚАЗАҚСТАН АЭЖК» ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:

Орта есеппен алғанда электр желілерінің тозуы 82 пайызды құрап отыр. Ол 82 пайыз өте жоғары деңгейде тозуды көрсетіп тұр. Біз биыл жөндеу қорына бөлінген ақшамыз – 707 миллион бөлдік қой. Соны толықтай игергеннің өзінде ол тек қана тозуды тек 2-3 пайызға төмендете аламыз. Ол үшін бізге республикалық бюджеттен не болмаса облыстық бюджеттен міндетті түрде қосымша көмек қаржы керек болады.

Ал сумен қамту мекемесін тығырықтан шығару үшін тіршілік нәрінің тарифін кем дегенде бес есеге өсіру керек. Сонда ғана қарыздан құтылуға болады екен. Бірақ тарифті өсіруге коммуналдық кәсіпорындардың өздері асығар емес.

Гүлжаз ҚАЗБЕКОВА, ҚР ҰЭМ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ БҚОД БАСШЫСЫ:

«Жайықжылуқуат» АҚ-дан заңнаманың талабына сәйкес, ұзақ мерзімді кезеңдегі тарифті бекітуге өтінім келіп түсті. Бұл ұзақ мерзімді кезең 2023-жылдан бастап, 2028-жылдың аралығын қамтитын болады. Нақты шешім бұл өтінім бойынша келесі жылдың 26-сәуірінде белгілі болады.

Еркін КАРИН ТІЛШІ:

Келер жылы өңірдегі электр желісін жаңарту, күрделі жөндеу ісіне 20 миллиард теңге бөлінбек. 3 жылға созылатын ауқымды жұмыс кезінде 2 мың шақырым электр желілері мен жабдықтар жаңартылады. Бірақ саланы түгел жаңарту үшін мұның өзі жеткіліксіз. Ал Қызылордада бұл мәселе қалай шешіліп жатыр? Коммуналдық қызмет ақысында өзгеріс бар ма? Оны әріптесім Мөлдір Тоқтасынқызы айтады.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қызылордада да коммуналдық төлемдердің бағасында айтарлықтай өзгерістер болмайды дейді мамандар. Керісінше, қаланы ауызсумен қамтамасыз ететін мекеме келер жылытарифті төмендетпек. КТМ: Биыл 1 текше метр су 39,48 теңге болса, келесі жылы ол 1,6 процентке арзандамақ. Ал жылумен жабдықтау қызметінің бағасы қымбаттайды. Алайда, мамандар бұл өзгеріс 2021 жылы ұзақ мерзімге бекітілген жоспар негізінде жүзеге асады деп отыр.

Күлдарайхан КЕНШІМБАЕВА, ҚР ҰЭМ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жылу есептеу аспаптары бар тұрғындары үшін тариф 1469,40 теңге болады. Мысалы қазіргі кезде тұрғындар 1313,27 теңге төлеп отыр. Есептеу аспаптары жоқ тұрғындар үшін 1 гекколорияға тариф бекітіледі. Оның тарифі 2798, 56 теңге болады.

Тұтынушылар коммуналдық қызметтердің бағасы сапалы болуы керек деп санайды. Шет аймақтағылар жарыққа жарымай отырғандарын айтады. Жауын жауса, жел тұрса өшіп қалады дейді. Ал кейбіреуді ауызсудың сапасы алаңдатады.

БЛИЦ:

- 2 қабатта судың қысымы жай болғанда, 5 қабатта мотормен отырады. Көңіліміз толмайды. +Жарық себепсіз өшеді. Су себепсіз өшеді. Ескерту жұмыстары жасалмайды бізге.

- Жалпы бағасы қолжетімді. Қымбаттауына қарсымын. Арзан болса, тіпті жақсы халықтың жағдайына.

- Жылу да жоқ ондай, үйіміз салқын. Қымбат болып тұр, именно жылу қымбат. Үйіміз мұздай пеш қосамыз оның үстіне.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мамандар аймақта электр энергиясының бағасы тұрақты сақталатынын айтты. Қазір тұрғындар орта есеппен 1 киловат үшін 16 теңге 19 тиын төлеп отыр. Жалпы өзге аймақтармен салыстырғанда,Қызылорда облысында, коммуналдық қызмет ақысы аса қымбат емес.

Б. Надірқызы