Қазақстандықтар қайтадан бетперде тағуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі халыққа үндеу жасады. Сондай-ақ, мамандар қоғамдық орындарға бармауға кеңес береді. Себебі, елімізде эпидахуал мәз емес.
Солтүстік Қазақстан облысында шошқа тұмауы тіркелді. Өзге өңірлерде де жедел респираторлық вирус инфекциясы және тұмау ауруларының маусымдық өсуі байқалады. Толығырақ аймақтардағы тілшілеріміз тарқатады.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Қызылжар өңірінде шошқа тұмауы екі адамнан табылды. Бұл аурудың белгілері кәдімгі тұмаумен бірдей. Оны тек зертханамен растайды. Қазір екі науқастың жағдайы қалыпты дейді дәрігерлер. Дертке шалдыққандар ауруға қарсы екпе алмаған.
СҚО САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
H1N1 вирусын адамдар ғана емес, жануарлар да жұқтырады. Ол ауа арқылы тарауы мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысында доңыз тұмауы 2009 жылдан бастап тіркелді. Былтыр бұл дертке ешкім шалдыққан жоқ. Биыл науқастардың арасынан екі жағдай анықталды. Әзірге адам шығыны жоқ.
Қазір аймақта қызамық ауруы да көп боп тұр. Былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіші 15 есе көбейген. Бұл дерт әсіресе балалар арасында жиі тарауда.
Елена КОПТЯЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ИНФЕКЦИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Былтыр қызамық ауруына 45 бала шалдықты. Биыл бұл көрсеткіш 500ден асып отыр. Әсіресе он төрт жасқа дейінгі балалар көп ауырып жатыр. Бұл дерттің асқынған түрі жаман. Ол жүрек пен бүйректің жұмысын әлсіретеді.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Аймақта вирустық аурулар белең алғанымен, әзірге білім ордалары карантинге жабылған жоқ. Тек кейбір мектепке дейінгі білім алу орталықтарында бірнеше топ өз жұмысын уақытша тоқтатқан. Астанада эпидахуал қалай? Ол туралы әріптесім Әсел Дүкембаева айтады.
Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:
Елордада балалар арасында тұмау өршіп тұр. Аурушаңдық былтырғымен салыстырғанда біршама артқан. Науқастардың көптігінен ауруханаларда орын жетіспей жатыр. Балалар арасында дерттің көбеюіне мамандар да алаңдаулы. Қазір 31 мыңнан астам бала жедел респираторлық вирустық инфекция бойынша ем қабылдап жатыр.
Гүлмира НҰРТАЗИНА, ДӘРІГЕР:
Маусымдық дерт болған соң. Қазіргі таңда өткен жылмен салыстырғанда 11 айда 27 процент өсім байқалып отыр. Бұл әрине, мезгілге байланысты ушығып отыр. Яғни, күз бен қыс ауысуының салдарынан балалар жиі ауыра бастайды. Немесе олардың адам көп жерде жүруі мүмкін, одан бөлек бұл ауа арқылы жұғады ғой.
Министрліктің мәліметінше, соңғы үш айда Жедел Респираторлық Вирустық Инфекцияны 2,1 миллион адам жұқтырған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 65,5%. Сондай-ақ, тұмаудың 1 834 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. 14 жасқа дейінгі балалар арасында - 717.
Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:
Айта кетейік, ел бойынша өткен тәулікте 271 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Дәрігерлер қайтадан бетперде киіп, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға кеңес береді. Әрі қарай жамбылдық әріптесім Берік Жұмабай жалғастырады.
Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:
Жамбыл облысында да тұмаудың бірнеше түрі тарауда. Бірақ бұл маусымдық құбылыс дейді мамандар. Дегенмен сақтық шараларын күшейтіп, қоғамдық орындарға көп бармай, бетперде киіп жүруге кеңес береді.
Гаухар ЖҰМАШОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Зерттеулердің нәтижесінде тұмау вирусының церкуляциясы анықталды. Қазіргі таңда анықталып отырған. А типті, Б типті сонмен қатар басқа да респераторлы вирустар инфекциялар анықталып отыр. Ол аденовирус, парагрипп, ринавирус және де ерсвирустар анықталып отыр.
Тараздық тұрғындар да аурудың тез тарап жатқанына алаңдаулы. Бір адам сырттан ауырып келсе, ол барлық отбасы мүшелеріне жұғады дейді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Балам осыдан екі апта бұрын, қызым бір апта бұрын ауырды. Үш күнде жазылып кетті бірақ макрота қақырық дейдіғой сразу бір күнде пайда болды ғой гриптары солай болды.
- Қызым ауырды, былай ауырғанда қатты неткен жоқ тамағы ауырып жөтелді сол.
- Үйде отбасы бойынша ауырып шықтық. Біреуі ауырса болды, жұға береді екен тез. Бірақ күнде ауырдық. Таныстарымыздың былай ауырып жатқандарын естіп жатырмыз.
Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:
Жұқпалы аурудан сақтану үшін қолды таза ұстау қажет. Үй-жайларды үнемі желдетіп тұру керек. Ең бастысы, дерттің алғашқы белгілері пайда болған сәтте медициналық көмекке жүгінген жөн дейді мамандар.
Ә. Дүкембаева