Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мемлекет басшысы биыл 14 елге 25 рет барды

AstanaTV
26.12.2022ж. 20:00
1132
Мемлекет басшысы биыл 14 елге 25 рет барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 68 заңға, 422 Жарлыққа қол қойған. 19 елдің басшысымен кездесіп, келіссөздер жүргізген. 14 елге 25 рет сапар шекті. Ақорда Президенттің бір жылдық жұмысын қорытындылады. Бұл цифрлар нені білдіреді? Оның артында қандай мақсаттар мен міндеттер тұр? Мемлекет басшысы қандай маңызды шешімдер қабылдады, қандай бастамалар көтерді? Толығырақ Бекболат Сатуов тарқатады.

Барыс жылы еліміз үшін оңай болған жоқ. Қаралы қаңтарда елдігіміз сынға түсті. Қазақстан терроршылар мен содырлар тарапынан өзінің өрескелдігі мен зұлымдығы тұрғысында теңдессіз озбырлығымен бетпе-бет келді. Дәл осы сындарлы сәтте Мемлекет басшысы халықпен бірге болып, басу айтты. Батыл шешім қабылдап, елді ақылға шақырды. Төтенше жағдай режимін жариялап, үндеу жолдады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім.

Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылуда. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін?

Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен. Сондықтан оларды жою керек. Бұл жуық арада жүзеге асырылады.

Президент Үкіметті отставкаға жіберді. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар шара қабылдады. Азаматтарды борыш батпағынан құт-қаратын «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң әзірлеуді, осал топтар үшін баспананы жалға алу құнын субсидиялауға кірісуді, «Қазақстан халқына» қорын құруды жүктеді. Онан кейін Мемлекет басшысы уақыт күттірмей «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауын жариялады. Әдетте бұл күздің басына қарай жоспарланатын. Қоғам да, еліміз де өзгерді деген Қасым-Жомарт Тоқаев «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен біртіндеп бас тарту керектігін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн.

Елімізде жаңа облыстар құрылды. Абай, Ұлытау, Жетісу өңірі пайда болды.

Содан соң Президент референдум өткізу қажет деді. Онда конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізу көзделді. Мемлекет басшысы заңға өзгерістер енгізілмей, жаңа реформаларды жүзеге асыру мүмкін болмайды деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қоғамда Конституциялық реформаға қатысты пікірлер көп айтылып жатыр. Оның ережелері Президенттің артықшылықтары мен өкілеттігін күшейтуге емес, билік тармақтары арасындағы үйлесімді және тепе-теңдік жүйені нығайтуға, барлық азаматтың мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталған. Бүкіл халықтың Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты ерікті таңдауы Жаңа, Әділетті Қазақстанның берік іргетасын қалайды. Біз бірлесе отырып, шын мәнінде, Жаңа Қазақстан құрамыз. Онда әлеуметтік әділдік жаңа қоғамдық келісімнің басты құндылығы және негізгі өзегі болады.

Референдум негізінде конституцияға өзгерістер енгізілді. Кезектен тыс президент сайлауы өтті. Нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың басым даусын иемденіп, 7 жылға бір мерзіммен қайта сайланды.

Президенттің мақсаты - халықтың әл-ауқатын арттыру. Соған байланысты тың бастамалар көтерді. Еліміздегі әрбір отбасы ұлттық байлықтың игілігін нақты көру керек. Ұлттық қордың жылдық табысының 50 процентін елдегі балалардың шотына аудару қажет деді. Жоба 2024 жылы іске қосылады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әр отбасы елдің ұлттық байлықтарын пайдаланудан нақты игілік көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылында «Ұлттық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарламаны бастау керек деп есептеймін. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ін балалардың жасы 18-ге толғанға дейін жеке шоттарына мерзімінен бұрын шешіп алу құқығынсыз аударып отыруды ұсынамын.

Биылғы жыл Президенттің жаңа әрі жан-жақты реформалары мен нақты өзгерістер жылы болды.

Екатерина СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Менің ойымша, бүгінгі күні біз алғашқы нәтижелерді көріп отырмыз. Президенттің бастамасын халық өте жақсы қабылдады, өйткені бұл әрбір қазақстандыққа қатысты мәселе. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде де қыруар істер атқарылды.

Қорыта айтсақ, Президент биыл 68 заң мен 422 жарлыққа қол қойды. 59 рет жиналыс пен кеңеске барып, 31 халықаралық деңгейдегі шараға қатысты. Жұмыс сапарымен 16 рет шығып, өңірлерге барды. Сыртқы саяси маңызды жиындардың бел ортасында болды. 14 елге 25 рет сапар шекті. Соның аясында 19 елдің мемлекет басшыларымен жолғып, келіссөздер жүргізді.

ПРЕЗИДЕНТ 2022 ЖЫЛЫ:

68 Заңға, 422 жарлыққа қол қойды.

59 Жиналыс пен кеңеске, 31 халықаралық деңгейдегі шараға қатысты

16 өңірге сапар шекті

14 елге 25 рет барып, 19 елдің мемлекет басшысымен келіссөз жүргізді

2022 жылдың аяқталуына санаулы күндер қалды. Президенттің бастамалары келер жылы міндетті түрде жалғасады. Оның барлығы да халық үшін, ел игілігі үшін істелетін шаруалар.

Б. Сатуов