Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

2022 жылы кімнің жұлдызы жанды?

AstanaTV
26.12.2022ж. 20:00
1632
2022 жылы кімнің жұлдызы жанды?

Биыл біраз адам желі арқылы жұртқа танылды. Ғаламтормен жүйткігендердің жұлдызы жанып, үлкен сахнада топ жарды. Арасында хайп қуамын деп, майып болғандар да бар. Инстаграмға кіріп, тиктокқа телміріп, ютубтан жарқ етті. Сөйтіп, ойламаған жерден оймақ тауып, олжаға кеңелді. Кейбірі ойнап жүріп от басып, опық жеді. 2022-нің көзайымдары туралы Аружан Задабек айтады.

Ғаламтор арқылы танылғандардың арасында еңкейген кәрі де, еңбектеген бала да бар. Былдырлап сөйлеп, бал тілімен таңдай қақтырған балғындарды көргенде, сүйсініп қаласың.

Әнұран айтқан балдырғандарды көрсек, жүректің елжірейтіні рас. Бұл видео көпшіліктің көңілін босатты. Желі қолданушылары міне, нағыз патриот десті.

Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу. Ақша тапқыш баланың қолын ұрма, ұғындыр. Беташарға түскен ақшаны алуды көздеген бұл баланы көрген желідегілер осындай пікір қалдырды. Олар бүлдүршіннің болашақта малтапқыш болатынын айтып жарысты.

Әрбір бала өнерлі. Тек жігерін құм қылмай, дұрыс бағыт көрсету маңызды. Тойда ән айтып жүрген өнерлі өрендерді көргенде халық пікірі екіге бөлінеді. Бірі қолдаса, енді бірі өнердің төрі тек сахна екенін айтады. Қалай десек те, бұл балдырғанның бал тілі біраз адамның жүрегін жаулады.

Той десе қу бастың домалайтыны рас. Жиынға жиналғандардың бәрі осы бүлдіршіндей тап-таза, арам ойсыз болса ғой, шіркін! Бірақ, бүгінгінің тойлары мазаққа айналып кеткендей.Тойдағы қазақ – ел-жұртқа мазақ деп жүргенде, киелі сахнадағы сұмдықты көріп, сескеніп қалғанымыз жасырын емес. Ұйқысы келмей жүрген әншілер мән-мағынасыз әндерді елге тарту етіп жүр.

Бұдан да сорақысын көрдік. «Желбіретіп көк туды» деп әндеткендер көк туды қорлады.

Осыдан кейін халық ду ете қалды. Сөйтіп, басы дауға қалған өнерпаздар ерсі әрекетін түсініп, дүйім жұрттан кешірім сұрады.

Азамат МАРКЛЕНОВ, «ИРИНА КАЙРАТОВНА» ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүкіл қазақстандықтардан үлкен үлкен кешірім сұрағым келеді. Өзімді сахнада мәдениетсіз ұстағаным үшін. Ішімдік ішкенім үшін. Мойындаймын бұл менен кеткен үлкен қателік. Бүгін мен үшін үлкен сабақ. Енді қайталанбайды деп уәде беремін сіздерге.

Біз өнермен алысып жүргенде, қазақ қыздары арасында марафон басталып кетті. Қандай дейсіз ғой? Бойжеткендер мәһр сұрап, ел-жұртты «ауыздарына» қаратты.

Қазір бәріне кімнің күйеуінен не сұрағаны қызық. Мәһр ойынға айналып кеткен жоқ па деп ойланып қаласың. Имам не дейді?

Бауыржан ӘБДУӘЛІ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Ер кісі бұл мәһр сыйақысын беру міндетті. Тіпті оны бермесе ол мойнында қарыз болып қалады. Сондықтан бұл шариғаттағы уәжіп нәрсе.

Имам демекші, биылғының «басты» блогеріне айналған Нұрлан имам туралы естуіңіз бар шығар. Әлеуметтік желіде тікелей эфирге кіріп, халықтың түрлі сауалына жауап береді.

Нұрлан имам тікелей эфир арқылы халыққа кеңес айтса, кейбір блогер «сымақтар» осы эфирді пайдаланып, халықтан қаржы сұрайды. Жұрт оларға «онлайн қайыршы» деп есім беріпті.

Қымбат Әбдәлімова, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір қыз жазды жасым 15-те. Осындай осындай, мамам ауырып жатыр, ауыр халде, одан кейін қайта-қайта жазады, түсінбедім неге бұлай екен деп. Сөйтіп бір күні сұрадым, сіздің ата-анаңыз бар ма шынымен деп. Неге бұлай жаза бересіз деп. Сөйтсем маған деген аузына келгенін оттап.

Жә, түрлі сылтау айтып, сұрауды кәсіпке айналдырғандарға мына егіз қыздардың ақылындай ақыл болсын деп тілейміз.

2022 жылдың жұлдыздары осылар. Олар желіні шарлап, көпті таңқалдырды. Өнерімен танылып, топ жарды. Енді хайп қуамын деп, тайып құламаса болғаны.

А. Задабек