Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қ.Тоқавтың Санкт-Петербургке жұмыс сапары

AstanaTV
27.12.2022ж. 20:00
2076
Қ.Тоқавтың Санкт-Петербургке жұмыс сапары

ТМД мемлекеттерінің басшылары ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін Санкт-Петербургтегі бейресми кездесуде талқылады. Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері жылды қорытындылап, өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша пікір алмасты.

Қазақстан ТМД-ға төрағалығы аясында 80-нен астам шара өткізген. Ұйымның беделін арттырып, экономикалық-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы бастамаларды жүзеге асырды. Астанада саммит өткізді. Бұл тәуелсіз достастық ұйымы бірлескен күш бірлікте екенін айқын дәлелі деді Президент. Сондай-ақ, қаңтар-қазан аралығында біздің елдің ТМД-ға мүше мемлекеттермен тауар айналымы 11% артып, 30 миллиардқа жетті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасауға баса мән беру керек. Ол үшін тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жою, протекционизмге жол бермеу жұмыстарын жан-жақты жүргізген жөн деп есептейміз. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты іс-әрекеттерді жолға қою қажет. Келесі жылы Астанада өтетін ТМД-ға мүше мемлекеттер министрлерінің конференциясы осы салада ортақ тәсілдер қарастыруға арналады. Осы саладағы министрлер белсенді қатысады деп сенеміз. ТМД кеңістігінде көлік-логистикалық жобалардың тиімділігін арттыру үшін ынтымақтастықтың жаңа механизмдері мен форматы керек. Осы тұста «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізінің маңызы артып отыр, сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолы маңызды көлік бағыты ретінде зор рөл атқарады

Мемлекет басшысы қауіпсіздік саласындағы іс-әрекеттерді келесі маңызды бағыт ретінде атап өтті. Қазақстан төрағалығы аясында қабылданған 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық бағдарламасы бұл міндеттерді атқаруға толық сай келеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұйымды қазіргі жаһандық жағдайларға бейімдеу үшін оның әлеуетін үнемі жетілдіріп, Достастықтың халықаралық аренадағы беделін күшейтуге тура келеді. Жақын арада ТМД жанындағы Бақылаушы және Достастықтың серіктесі институттарын құруға қатысты құжаттарды әзірлеу жұмыстары басталады. ТМД кеңістігінде ортақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және тілдердің қолданыс аясын кеңейту ісінің мәні зор. Санкт-Петербургке Достастықтың 2023 жылғы Мәдени астанасы ресми мәртебесін беру ТМД-ға мүше мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді

Мемлекет басшылары ерекше сыйлыққа ие болды. Бұл туралы халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Жаңа Жылдық құттықтаумен тоғыз клуб сақинасы - Санкт-Петербургте өткен ТМД-ның бейресми саммитіне қатысушыларға дайындалған арнайы сыйлық.

ЖЕДЕЛХАТ АРНАСЫ:

Көшбасшы таққан сақинаның құпиясы ашылды! 9 клуб сақинасы ТМД көшбасшыларының бейресми кездесуіне арнайы дайындалды. Әр сақинада жаңа жылға құттықтау сөзі бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Президент Ресейге жасаған жұмыс сапарының аясында Санкт-Петербург қаласындағы Мемлекеттік орыс музейіне барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа музей экспонаттары мен сирек өнер туындылары көрсетілді.

Ә. Дүкембаева