Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алдағы күндері қарлы боран болады

AstanaTV
04.01.2023ж. 20:00
2689
Алдағы күндері қарлы боран болады

Елімізде ауа райының қолайсыздығына байланысты 127 жол жабылды. Мыңнан астам көлік жолда қаңтарылып тұр. Құтқарушылар 700-дей адамды қауіпсіз жерге шығарды. Ал Жамбыл облысы Жаңатас қаласында төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар екі күннен бері жылусыз, жарықсыз отыр. Өңірлердегі тілшілерге сөз берейік.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Табиғаттың тосын мінезі Жаңатас қаласының астаң кестеңін шығарды. Ал, Қаратауда қарбалас болып жатыр. Қаратау қаласында жойқын жел 8 көпқабатты үй, қалалық әкімдік, 1 спорт нысаны мен бірнеше балабақшаның шатырын ұшырды. 10-нан аса көліктің сау тамтығы қалмаған.

Бақытжан БӨЛЕКБАЕВ, ҚАРАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүкіл шатыры ұшып кетті кешегі желден. Негізі күндіз ұшқан, жел түнімен тұрды. 65-70 ке дейін барды деп жатыр. Свет өшті, су өшті, ыстық су шіп қосылды. Қазір мұздай су жоқ.

Ал Жаңатаста жағдай тіптен бөлек. 20 мыңнан аса тұрғын жарықсыз қалды. Жоғары кернеулі электр желілері үзіліп, 70- тен аса бағана құлады. Ал жарықтың жоқтығынан жылу қазандықтары істен шығып 100-ге жуығы көпқабатты үйде жылу жоқ.

Хадиша МАХАНОВА, ЖАҢАТАС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үшінші күн свет жоқ. Жел болды қшті. Жылу ол жоқ. Мұздай су сыздықтап тұр. Үйде майда балдар бар. Не қыларымызды білмейміз. Міні шығып май шаммен нан алдым. Мұның өзін екі пачкадан беріп жатыр.

Жуалы ауданында да желдің екпіні қатты болды. Алматы-Ташкент тас жолы жабылған, құтқарушылар тыным таппай қарлы боранда қалғандарды қар құрсауынан шығарды

МАҚСАТ ӘКІМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

299 адам құтқарылды Шақпақта, оның 74 балалар. Жаңатас тас жолының бойында 21 адам құтқарылды. Қаратау асуында 6 адам қар құрсауынан құтқарылды.

САРЫСУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қазір аудандық орталық ауруханаға генераторлар арқылы электр жарығы берілді. Науқастар арасында аса ауыр жағдайда жатқандар жоқ. Қазір қалада 4 жылыту бекеті жұмыс істеп тұр. Наубайханалар істен шыққандықтан тұрғындарға Тараз қаласынан 7 мың нан жеткізілді. Желден Жаңатастағы «Бүркітті» және «Көкбұлақ» су қамту орталықтарының жұмысы тоқтады.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Кеше желдің екпіні секундына 40 метр болса, бүгін- 12 метр. Жағдай біртіндеп қалыпқа келуде. Су тек таңертең және кешкісін екі сағатқа беріледі. Ал ертең Сарысу мен Таласта электр энергиясы толық қосылуы мүмкін. Жалпы Жамбыл облысы аумағында жолда қалған 350 адам құтқарылды. Әзірге желден келген шығын көлемі белгісіз.Әрі қарай Қарағандыдағы әріптесім Айжан Қуаш жалғастырады.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Қарағанды облысында да кешеден бері ақтүтек боран. Оның үстіне көктайғақ. Соның салдарынан екі жүзге тарта көлік жолда қаңтарылып тұр. Жолаушыларды жақын маңдағы елдімекендерге патрульдік полиция қызметкерлері жеткізуде.

Ауа райы бұзылысымен тиісті қызметтер халыққа ескерту жасаған болатын. Алайда жұрт ештеңеге қарамастан жолға шығып кеткен. Қар құрсауында қалған тағы 80 жеңіл көліктен 202 адам құтқарылды. Оның ішінде 43 бала бар. Мұнымен қоса қар басқан елдімекендерден бірнеше жүкті әйел арнайы техникамен эвакуацияланды.

Талғат ОСПАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПБ ЖПҚБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бір тәуліктен бері ауа райы нашар. Барлық бағытта жол жабылды. Жүргізушілерге полиция қайта- қайта ескерту жасағанмен тәртіпке бағынбай жолға шығып жатыр. Қазірдің өзінде Астанаға бет алған 80 көліктің, Балқашқа қарай шыққан 45 машинаның қозғалысын шектеп тоқтаттық

3 жүргізуші тәртіпке көнбегендері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оларға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 667-інші, яғни «Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау» бабымен жаза қолданылады. 13 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 15 тәулік әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Синоптиктер алдағы 2-3 күн бойы Қазақстанның бірқатар өңірінде қарлы боран жалғасатынын ескертеді. Полиция әр отбасының амандығы үшін алыс сапардан бас тартуға кеңес береді. Кешеден бері Қарағанды облысында 27 жол- көлік оқиғасы тіркелді. Абырой болғанда, адам аман. Айжан Қуаш, Жанайдар Рақымжанов, Берік Жұмабай, Шернияз Борантаев АстанаТаймс. Қарағанды облысынан.

А. Қуаш