Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты әуе рейстері кешігіп жатыр

AstanaTV
04.01.2023ж. 20:00
3190
Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты әуе рейстері кешігіп жатыр

Ал Астанада екі күн қатарынан әуе рейстері кешігіп жатыр. Оған ауа райының қолайсыздығы әсер еткен. Түнде жауған толассыз қардан 40 ұшақ діттеген жеріне ұша алмай, жолаушылар әуежайда сағаттап отыруға мәжбүр. Олардың қатарында тілшіміз Аружан Задабек те болды. Таңертең Шымкенттен бас қалаға келу керек еді. Рейс уақыты бірнеше рет ауысып, Аружан Елордаға әрең жетті. Әуежайдағы жағдайды өзі жеткізеді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Астана қаласындағы қолайсыз ауа райына байланысты 28 рейс кешіктіріліп жатыр. Оның ішінде Шымкент қаласынан ұшатын үш рейстің уақыты өзгертілді.

Ұшты-ұшты, ұшақ ұшты деп ойнап отырған мына бүлдіршіннің әуежайда отырғанына 6 сағаттан асты. Бүгін мұнда жолынан қалып отырған жан көп. Мен секілді жұмысынан қалғандар да жетерлік.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Біз қазір Салтанат ханым екеуміз Шымкенттен Астанаға қарай жолға шықпақпыз. Біз алты сағат болды ұшақты күтіп отырмыз. Салтанат ханым, өзіңізден пікір сұрасам. Ұшақтың кешігуі көңіл-күйіңізге әсер еткен жоқ па?

Салтанат СЫЗДЫҚ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Уақытында ұшпағаны көңіл-күйімізге әсер етті. Бүгін жұмыс күні болғандықтан. Біз басында 3-не түнде ұшуымыз керек болған. Оны 4-не ауыстырды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты үш рет ауыстырды.

Әуе компаниясы “айып етпеңіздер” деп дәм ұсынды. Асқазанына ас барғандардың кейбірі күтуден шаршап, тәтті ұйқыға батты.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Әуе рейсіне жолаушыларды отырғызу басталды. Ағайынның бәрі Астанаға аман-есен жетуді тілеп отыр. Олардың арасында мен де бармын. Кешке дейін Елордаға орлып, көрерменге бүгінгі жағдай туралы ақпарат таратуым тиіс.

Ұшақ Елордаға аман есен қонды. Мұндағы әуежайда да жұрт толы.

Самат ИСАЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен кеше Астанадан Ақтөбеге ұшуым керек еді. Ұшаққа уақытында отырғызды, енді ұшайын деп жатқанда ауа райының қолайсыздығына байланысты рейсті кейінге шегерді. 150-ден аса адам аэропортта қондық. Бізге ешқандай жағдай жасалған жоқ. Тіпті, тегін шәй берілмеді.

Жолаушылардың біразы әуекомпанияларына өкпелі. Себебі, қанша сағат күтсек те ешқандай жағдай жасалған жоқ - дейді. Ыстық тамақты айтпағанда, бір кесе тегін шәй іше алмағандарын айтып ашынды. Енді әуе рейстерінің тезірек ретке келуін тілеп отыр.

Анвар ШАЛЕКЕНОВ, АСТАНА ӘУЕЖАЙЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі таңда әуежай штаттық режимде жұмыс істейді. Бірақ кейбір рейстер кешігуде.Ұшып келетін 26 рейс, ұшып кететін 14 рейс кешіктірілуде. Себеп, Елордадағы төтенше жағдайлар мен әуе рейстерінің кеш келуі.

Елордада кешеден бері қар толассыз жауды. Әуежай қызметкерлері қарды күреуге барынша тырысып жатырмыз - дейді. Десе де, қиындықтар бар екенін жасырмады. Сондықтан жолаушыларға әуекомпанияларымен тығыз байланыста болу керегін ескертті.

А. Задабек