Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

«Дикий Арманды» қамауда ұстау мерзімі 2 айға ұзартылды

AstanaTV
06.01.2023ж. 20:00
1200
«Дикий Арманды» қамауда ұстау мерзімі 2 айға ұзартылды

«Дикий Арманды» қамауда ұстау мерзімі тағы 2 айға ұзартылды. Бас прокурордың мәліметінше, тергеу барысында Арман Жұмагелдиевтің Алматыдағы қақтығыстар кезінде ерекше рөл атқарып, жастарға қару таратқаны анықталған. Ал оның әрекетін Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты үйлестіріп отырған. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай жалғастырады.

«Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің қамауда ұстау мерзімі 7 наурызға дейін ұзартылды. Ол 1 жыл бойы жасырын түрде радикалды шара қолдану мақсатында дайындық жүргізген. Ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу осы әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрғанын анықтады.

Абай ЖАРЫЛҚАСЫН, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы хабарламасы бойынша, соттың қаулысымен сотқа дейінгі тергеу органының өтініш хаты қанағаттандырылды. Азамат Д.-ға қатысты қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде қамауда болу мерзімін 2 айға, яғни 2023 жылдың 7 наурызына дейін ұзартуға санкция берілді.

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов келтірген деректер бойынша Алматыда «Дикий Арман» ерекше рөл атқарған. Оның әрекетіне Ұлттық қауіпсіздің комитетіндегі кураторы және Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты қолдау көрсетіп отырған.

Берік АСЫЛОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ:

Алайда олар жаппай наразылықты басқара алмады. Халық оларға ерген жоқ. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасының ұсталғаны туралы ақпарат алған соң, кейін өзін ақтап алу үшін мародерлермен күресті желеу етіп, содырларға қала тұрғындарына шабуыл жасау тапсырылған. Сол үшін 6 қаңтарда олар қаланың әр жерінен 24 кездейсоқ адамды ұрлап кеткен, сосын «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингінде оларды ұрып-соғып, ұстап отырған. Кейін оларды қаланың шетіне апарып, ҰҚК қызметкерлерінің қарулы күзетімен контейнерде түнеткен. Сосын оларды әуежайға жеткізген, сол жерде Өтепбаев азаптаудан қайтыс болған. Осы фактілер бойынша тергеуді аяқтадық. Қазір құжаттар қаралуда.

Ал оңай олжаға ілігіп, тез баюдың жолын іздейтін жастар жығылғанның үстіне жұдырық болды, дейді мәжілісмендер. Айтуларынша, "Афтаритет" ағаларды жағалаған жастардың көбейгені сонша, қоғамда “Бөкеңнің жігіттері”, “Төкеңнің балалары” деген топтар пайда болып, әлеуметтік желілер арқылы патша өмірлерін көрсетіп, талай жастарымыздың санасын бұзды. Тіпті, заңды белден басып, құзырлы орындардың басынан аттап өтуді беделге айналдырды, дейді.

Жанарбек ӘШІМЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Олар үшін қару ұстап, әлсізге әлімжеттік көрсету батырлықпен теңестірілді. Соның салдарынан бір топ жастар қаңтар оқиғасында қылмескерлер арасында “Дикий Арман” лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық іс-әрекеттерінің құрбаны болды. Сонда жастардың логикасы бойынша елді осындай опасыз-қылмыскердің қолына беруге болатынына сенгені ме?

Арандатушылыққа оңай берілген жастар қаланы қиратты, көліктерді өртеді, қарапайым кәсіпкерлерді тонады. Еліміз бойынша 400-ден аса автокөлік бүлініп, жойылған. Оның 346-сы ішкі істер органдарына тиесілі.

Марат АХМЕТЖАНОВ - ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ

Полиция күштері қарулы топтардың шабуылына ұшырап, инфрақұрылымға зақым келтіргендіктен, бүкіл Алматы бойынша қылмыскерлер жаппай ойран мен тонауға кірісті. Мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының ғимараттары, банк терминалдары мен ақша айырбастау орындары тоналды. Тонау тек Алматыда ғана болған жоқ. Жалпы ел бойынша 1 466 ғимаратқа шабуыл жасалды. Оның ішінде 1 395 – бизнес нысаны, 71 – мемлекеттік мекеме. 1700 азамат зардап шекті. Бизнес субъектілеріне келтірілген залал 100 млрд теңгені құрады.

Қаңтар оқиғасында елдің 8 өңірінде 42 мемлекеттік ғимаратқа зақым келген. Орасан нұқсан келген нысандардың бірі – Алматыдағы Президент резиденциясы. Бұл нысанды қалпына келтірмей, бұзу туралы шешім қабылданды. Қалған 41 нысан үшін 31 млрд 100 миллион теңге бөлінді. 37 нысан қалпына келтірілді.

А. Базарбай