$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жұмыс іздеп, Дубайға кеткен қазақстандықтар із-түзсіз жоғалып кетті

AstanaTV
10.01.2023ж. 20:00
2071
Жұмыс іздеп, Дубайға кеткен қазақстандықтар із-түзсіз жоғалып кетті

Жұмыс іздеп, Дубайға кеткен Исламбек Қазыбеков пен Жарас Сейіткәрімнен жақындары екі аптадан бері хабар ала алмай отыр. Отандастарымыз жаңа жылдың алдында белгісіз адамдардың айтуымен, Тайландқа ауысқанын айтқан. Кейіннен Таиланд, Лаос, Мьянма елдерімен шектесетін "Золотой треугольник" деген жерде алданып қалғандарын жеткізген. Содан бері хабар ошар жоқ. Ата-аналары жанын шүберекке түйіп отыр.

Исламбек Қазыбеков -Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тумасы. Шығыстанушы мамандығын бітіре сала, шет елдерді аралап, көп тіл білуге құлшынды. Былтыр 8 қыркүйекте 25 жастағы жігіт Дубайға демалуға кетіп, артынша сонда Қытайлық компанияға жұмысқа орналасып, тұрақтап қалған. Отбасына апта сайын хабар жеткізетін ол соңғы рет қызы мен достарына 27-нші желтоқсанда хабарласып, түсініксіз жәйттарды ескертіп үлгеріпті.

Мереке ҚАЗЫБЕКОВА, И. ҚАЗЫБЕКОВТІҢ АНАСЫ:

Соны жіберген кезде мен геолокацияны көріп қойдым. Сосын соның расшифровкасын аштырдым. Сонда остров Мьянма деп тұрды. Мен содан күдіктендім. Ол даже Тайландқа кеткен күнде де остров Мьянмада не істеп жүр? Неге өшіп қалады? Негізі тірі деп ойлаймын. Просто бұларға компания ақша төлемей қалды ма деп тұрмын. Оларды қамап, ұстап отыр насильно либо связь, интернет жоқ жерге апарған.

Исламбекпен Тайландтың астанасына 23 жастағы Жарас Сейіткәрім жеткен. Ол да қыркүйекте Дубайға нәпақа табу мақсатында кеткен.

Талғатбек ШӘРІПОВ, Ж. СЕЙІТКӘРІМНІҢ ӘКЕСІ:

Біз Дубайда екен деп ойлап жүрдік. Ақша салмады, жұмыс болмай жатыр деп. 28-інші декабрь күні сағат 4-терде сөйлестім. Бәрі нормально, папа, билет алып қайтамын деді 1-2 күнде. Аэропортқа барғанда ақша салып жібересіздер деді. Жарайды дедім содан связь болмады. Местоположениесін жіберген онда бір остров екен. Оны білмейміз. Енді баламды тауып берсін.

Роза ӘДІЛБЕКОВА, Ж. СЕЙІТКӘРІМНІҢ АНАСЫ:

Менің баламның Исламбек видеосын салып үлгерген. Біз Бангкоктан өтіп бара жатырмыз. Бірақ бұл жер маған ұнап тұрған жоқ. Өйткені біздің айлығымызды бермей жатыр. Бізді алдап алып келді. Ең соңғы хабарласқанда балалардың паспортын алып қойған. Мен күндіз де түнде де ұйықтаған жоқпын. Өйткені бұған біреулердің қатысы бар деп ойлаймын.

Исламбек пен Жарастың ата-анасы құзырлы органдарға, оның ішінде еліміздің Сыртқы және Ішкі Істер министрлігіне балаларының жоғалғаны жөнінде өтініш жазған. Оларға көмектесіміз депті. Біз бұл жағдайды назарда ұстаймыз.

Қ. Мерей