Елордада үйсіз қалған
үлескерлер қатары азаймай тұр. "Сақалды" құрылыстың осы жолғы
құрбандары - «Баспан-Көктал» кешенінің тұрғындары. Бүгін олар қала әкімдігінің алдына келіп
араша сұрады. Жиналған жұрттың ішіндегі ынталы топты қала әкімінің бірінші
орынбасары Сергей Хорошун қабылдады.
«Баспан-Көктал» кешенінің бас мердігері
"Орал-Дизайн-стройсервис" ЖШС-не қатысты қылмыстық іс қозғалғаны
белгілі болды. Әкімдік өкілдері тергеу кезінде мердігер басшылығына қатысты
алаяқтық және бөтеннің мүлкін иемдену деректері расталғанын жеткізді. Жалпы
«Баспан-Көктал» кешенінің 900-ден астам үлескері бар екен. Оның тек 470-і арыз
жазған. Сондықтан қалалық әкімдік осы кешеннің қалған үлескерлерін іздестіріп
жатыр. Ал мәселе биыл шешілмеуі мүмкін деп отыр.
Сергей Хорошун, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары:
Тәжірбие көрсетіп отырғандай,
мердігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан бастап, нақты шешім
қабылданғанға дейін кем дегенде 8 айдан 12 ай уақыт қажет. Ондай мысалдар бізде
жетерлік. Қазіргі күні ол серіктестіктің барлық есеп-шоттарына аудит жүріп
жатыр. 20 тамызда аудит аяқталады, ал 26 тамызда ведомствоаралық комиссияның
отырысында осы мәселені талқылайтын боламыз.
Берік ХАСЕНОВ