Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Елімізде жасанды ұрықтандыруға 7000 квота бөлінді

AstanaTV
11.01.2023ж. 20:00
1770
Елімізде жасанды ұрықтандыруға 7000 квота бөлінді

Еліміздегі жас отбасылардың 30-40 проценті бала сүйе алмайды. Әйелдердің бедеулігі, ерлердің белсіздігі белең алып тұр. Соған байланысты жасанды ұрықтандыруға сұраныс артқан. Биыл "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында 7 мың квота бөлінді. Бұл мүмкіндікті кімдер пайдалана алады? Әйгерім Пернебек мамандардан сұрап білді.

Он жылдап бала сүйе алмай жүрген отбасы көп. Сарыла күткен сәби болмағасын ажырасуға бел буатындары бар. "Аңсаған сәби" бағдарламасы көптің күпті болған үмітін оятты. Нәтижесін көріп жатқандары да жетерлік.

Венера АХМЕТОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің отбасы құрып, сәбиді аңсап қаншама жыл, бізде сәби күтіп қаншама жыл жүрдік. Әрине бірінші Алланың қалауымен, одан кейін осы ЭКО әдісімен 6 жыл дегенде аңсаған жүктілігімізге қол жеткізіп. Былтыр ғана сәби сүйіп ата-ана атандық. Қуанышымызда шек жоқ.

Жиырма жылдан кейін егіз баланың ата-анасы атанды. Осындай қуанышқа кенелгендер де бар.

Әйгерім ДҮЙСЕНБАЕВА, ДӘРІГЕР-РЕПРОДУКТОЛОГ:

41 жасар егіз бөпелі болды. Бір ұл бір қызы бар. 20 жыл бойы осы аңсаған сәби бағдарламасы бойынша кезекте тұрып, қосымша анализдерін тапсырды, 20 жыл өтіп кеткенін, қалай өтіп кеткенін бімей қалып осы біздің орталыққа келіп, ата-ана атанды.

Өткен жылы епімізде “Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында 2 жарым мыңнан аса сәби дүниеге келді. Талай шаңыраққа бүлдіршіннің шат күлкісін сыйлаған мамандар квота санының көбейгеніне қуанышты. Кезекті жылдап күткен ерлі зайыптылар қазір бір жылда тіпті 2-3 айда квотаға іліге алады.

Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, "ЭКОМЕД" АДАМ РЕПРОДУКЦИЯСЫ КЛИНИКАЛАР ТОБЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖЕТЕКШІСІ:

2021 жылы “Аңсаған Сәби” бағдарламасы басталды. Сол кезде 7000 квотадан 2500 астам бала дүниеге келді. Ол -керемет көрсеткіш. Яғни әрбір екінші, үшінші әйел жүкті болды. Әлі олардың біраз қатырылған эмбриондары бар, креоконсервация жасалған. Әлі де біраз бала туады, сол 2021 жылғы квотадан. 2022 жылғы квотадан қазір алғашқы балалар туылып жатыр. Сондықтан оның нәтижесі бірден белгілі болмайды ғой.

Мамандардың айтуынша, жасанды ұрықтандыру клиникаларына шетел азаматтары да жиі келеді. Себебі еліміздегі репродуктология қызметі қолжетімді. Алайда бағасы шарықтап барады. Дәрі-дәрмегін қоспағанда 500-600 мың теңгеден басталады. Ал барлығын есепке кіргізсе бір жарым миллион теңгеден асып түседі.

Ә. Пернебек