Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Елімізде арықтауға арналған қауіпті препараттар ашық сатылып жатыр

AstanaTV
12.01.2023ж. 20:00
4542
Елімізде арықтауға арналған қауіпті препараттар ашық сатылып жатыр

Елімізде арықтауға арналған қауіпті препараттар ашықтан ашық сатылып жатыр. Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік тыйым салған дәрінің жарнамасы жер жарады. Оны тіпті дәріхана сөрелерінен оп-оңай алуға болады. Әлемнің көптеген жерінде қара тізімге енген капсуланың денсаулыққа зияны қандай? Аружан Задабек айтады.

Биологиялық белсенді қоспа бұрын Қазақстанда да тіркелген. Бірақ 2021 жылы стандартқа сай емес екені анықталып, тіркеу күші жойылды. Десе де, бұл препаратты іздеген адам желіден оп-оңай тауып алады. Жеке тұлғалар оны емін-еркін саудалап жүр.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Аздыратын дәріні іздеп Елордадағы бірнеше дәріханаға бардым. Көбісінде жоқ екен. Желі арқылы іздеп едім, мына бір мекенжайдағы дәріхананы көрсетті. Қазір ішіне кіріп, көрейік. Бар ма екен?!

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Көріп тұрғандарыңыздай, бұл дәрі бар. Сатылады, құны 5 мың теңге екен. Бірақ дәріханашы бұл дәріні алуға кеңес бермейтінін жасырмай, ашық айтты.

Осыған ұқсас препаратты тұтынған Алия да өлім аузынан қалдым дейді. Семіздіктен арылуды ойлаған әйел, қалай сергелденге түскенін байқамай қалған.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кейін қатты ауырдым. Салмақ тастадым 5 келідей. Асқазаным, бүйрегім бәрі ауыра бастады. Врачқа барып едім, дәрі ішкенімді айттым. Ол кісі біраз ұрысты. Құрамында зиян заттар көп екен.

Салмақ тастататын дәрі-дәрмектердің пайдасынан зияны көп -дейді дәрігерлер. Адамның қан қысымы көтеріліп, миға қан құйылады. Жүрек ұстамасы мен қалқанша безінде қиындықтар пайда болуы мүмкін. Тіпті өліп кетуі де ғажап емес.

Жанель ІЛИЯС, ДӘРІГЕР:

Адам өзі ойлану керек қой, 5 мың теңгелік дәріні тұтынып, қалай азуға болады? Зиян екенін бағасына қарап та білуге болады. Мықты дәрі болса, ондай бағада сатылмас еді. Оның денсаулыққа зиян екенін көп әйелдер ескермейді. Оңай жолды таңдайды, бірақ түбінде ауруға айналады. Осы дәрілерді ішіп қаншама адам өліп жатыр.

Дәрігерлер арықтаудың ең тиімді әрі қауіпсіз жолы дұрыс тамақтану екенін айтады. Қауіпті препараттар артық салмақтан арылуға көмектеспейтінін ескертті.

А. Задабек